Жаңаөзенде тәулігіне 50 000 м³ су тұщытатын зауыт құрылысы басталды

Жарияланды
Фото: ҚМГ

Жаңаөзен қаласында тәулігіне 50 000 м³ суды тұщытатын зауыт салынады.

Құрылысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда, ал зауыт жобалық қуатына 2025 жылдың көктемінде шығады. Нысан құрылысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Тоқымақ ауданында салынатын бұл зауыт теңіз суын тұщыту арқылы қала тұрғындарының ауыз суға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және өңірде жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, құрылыс кезеңінде 240-тан астам адам жұмыс істесе, ал зауыт іске қосылған соң 100-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа тұщыту зауыты құрылысының алғашқы кірпішін қалау шарасына қатысты. Облыс әкімі де зауыттың өңір экономикасының дамуына оң ықпал ететінін айтты.

«Зауыт Астрахань-Маңғышлақ су құбырынан су беруді толықтырады. Бұл өз кезегінде туризмді, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға мультипликативті әсер етеді», деді облыс басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз