Ет жемейтін, зообаққа бармайтын, Жапонияда оқыған экс-экология министрі несімен есте қалды

Жарияланды

Фото: gov.kz

Елімізде президент жолдауынан кейін кадрлық ауыс-түйіс болып, бірқатар министр қызметінен босатылды. Кейбірі бірден жаңа қызметке тағайындалды, алайда елдің экология және табиғи ресурстар саласына жетекшілік еткен Зүлфия Сүлейменова әзірге жаңа орынға жайғаспады.

Kursiv.kz Сүлейменованың кезінде экология және табиғи ресурстар министрлігінде қандай өзгеріс болғанына және ең жас министрдің есте қалай қалғанына шолу жасады.

ЕҢ ЖАС МИНИСТР

Зүлфия Сүлейменова 2023 жылдың қаңтарынан бастап экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды. Ол 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастаған Зулфия араға алты жыл салып, Экология министрлінде басшылық қызметке келген.

Алайда министрліктегі жұмысы ұзаққа созылмай, бір жылдан кейін VII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

Министр болып тағайындалған кезде «ет жемейді, зообаққа бармайды» деген ақпарат тарады. Дәл сол арқылы экология министрі болуға лайық деген де пікір болды.

«Табиғи тоннан жасалған киімді кимеймін, себебі жануарларған деген дұрыс көзқарас адамдардан, өзімізден басталуы керек. Сондықтан ет жемеймін, жануарларға сынақтан өткен косметиканы қолданбаймын. Хайуанаттар бағына бармаймын», – деген еді Сүлейменова сұқбаттарының бірінде.

Ең алдымен жастардың басшылық қызметке келгеніне көпшілік қуанған еді. Министр болған кезде Сүлейменова 32 жаста болды.

АБАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨРТ

Алайда Сүлейменова төңірендегі дау Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-да шыққан өрттен 14 орманшы қаза тапқаннан кейін басталды.

«Семей орманында» өрт шығып, Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты. Орман өртін сөндіруге көмектесуге шыққан тағы бір азамат қайтыс болды.

Президент өрт шыққан облысқа барған кезде марқұмның туыстары олардың құрал-сайманы жоқ екенін, жалақысы аз болғанын мәлімдеді. Өрт туралы ақпарат беретін байланыс құралы болмай, өртті сөндіруге туфли киіп шыққанын айтты. Айта кетейік, елімізде орманшылардың жалақысы 70 мың теңгеден басталады.

Сол жағдайдан кейін Экология министрлігі «Семей орманы» орман шаруашылығының қызметкерлерінің жалақысы өсетінін хабарлады. Зүлфия Сүлейменова төрт жыл ішінде қаржыландыруды ұлғайту жоспарда бар екенін жеткізді.

«Қаражат арнайы техникаларды жаңартуға және өртті ерте анықтау жүйесін орнатуға жұмсалады. Үкіметтің бүгінгі отырысында орман шаруашылығы кәсіпорындарын материалдық қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Біз орманшылардың барлық қажеттілігі бойынша жағдайды талдап, қосымша қаржы сұраймыз», – деді Сүлейменова.

Ресми ақпарат бойынша, елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінген. Ал өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарастырылған.

Осы жағдайдан кейін қазақстандықтар Зүлфия Сүлейменованың отставкаға кетуін талап етті. Бұған экс-министр жауап берді.

«Бас прокуратура Абай облысындағы алапат өртке және адам өліміне байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу аясында тиісті сұрақтар туындаса, жауап беруге дайынбыз», – деді Зүлфия Сүлейменова.

ӘКЕСІ СОТТАЛҒАН

Зүлфия Сүлейменоваға қатысты дау барысында әлеуметтік желіде оның әкесі – Болат Сүлейменовтің 2011 жылы ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылғаны туралы ақпарат тарады. Сот Болат Сүлейменовті 4 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеп, жалпы режимдегі түзеу колониясында мерзімін өтеу жазасы тағайындаған.

Мұны Сүлейменова да жоққа шығармады, тіпті мемлекеттік қызметке орналасқанда да жасырмағанын айтты.

«Әкеме қатысты, иә, мұндай іс болды. Әкем жазасын өтеді. Мемлекеттік қызметке орналасқанда бұл фактіні жасырған жоқпын. Бұл деректі құжатта көрсеттім», – деді Сүлейменова.

Сүлейменованың биліктегі жақын туысы бар екеніне қатысты да алыпқашпа әңгіме бар. Бұған қатысты ол қарапайым отбасыда дүниеге келгенін айтып, жауап берді.

«1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Онда №34 мектепте оқыдым. Кейін №51 қазақ гимназиясына ауысып, оны бітірдім. Әкем мен анам зауытта жұмыс істеді. Қазір олар – жеке кәсіпкерлер. Ата-анам Ақтөбе қаласында тұрады. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқып, бакалавр, магистр дәрежесін алдым. Содан кейін Біріккен Ұлттар ұйымында жұмыс істедім. Ғылымға қатты құмармын. Сондықтан білімімді одан әрі тереңдетемін деп Жапонияда PhD докторантураға түстім. Былтыр докторлық диссертациямды қорғадым. Оның тақырыбы Трансшекаралық су мәселеріне байланысты болды», – деді Зүлфия Сүлейменова.

Айтуынша, мемлекеттік қызметке 2020 жылы келген.

ЖАҢА МИНИСТРЛІК ҚҰРЫЛДЫ

2023 жылда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа министрліктер құрылатынын мәлімдеді. Соның бірі – Су ресурстары және ирригация министрлігі. Ведомство басшысы болып Жамбыл облысына бір жылдан бері басқарған Нұржан Нұржігітов тағайындалды.

Қызметінен босатылған Сүлейменова әлеуметтік желіде жазба жариялап, елдегі су ресурстарына қатысты жыл басынан бері атқарылған жұмысқа шолу жасады.

«Арал теңізіне құятын су ағыны ұлғайды: 2023 жылдың қаңтарынан тамызына дейін Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метрден астам су түсті, ал өткен жылы – небәрі 800 млн текше метр болған. Бұл қысқы және көктемгі су тасқыны ағынын Аралға жеткізудің арқасында іске асты. Алайда көптеген адам бұл суды Өзбекстандағы Арнасай ойпатына құю туралы айтқан еді. Біз су тапшылығы болатынын болжадық, сондықтан Арал теңізін де, фермерлерімізді де сумен қамтамасыз ету үшін осылай жұмыс істедік. Нәтижесінде Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезең сәтті өтті», – деп жазды Сүлейменова.

Айтуынша, Жамбыл облысындағы шиеленісті жағдайға қарамастан, тұтастай алғанда су айналымы және дақылдарды суаруға басымдық беру есебінен фермерлердің егін шығынын барынша азайтуға мүмкіндік туған. Шілденің соңғы онкүндігінде премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Киров су қоймасынан су ағызу 45 м3/сек дейін жеткізілген. Тамызда сумен қамтамасыз ету үшін тұрбаларды тазарту шаралары қабылданған.

Сондай-ақ экс-министр су ресурстарын пайдаланудағы «қара базарға» қатысты көптеген заңбұзушылық анықталғанын жазды.

Сондай-ақ оқыңыз