Путин келіспеді: Ердоған «Астық мәмілесін» жаңғырта алмады
Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сочидегі келіссөз барысында Қара теңіздегі астық мәмілесін қалпына келтіру туралы келісімге келе алмады.
Путин Ресей қойып отырған талаптар орындалмаса, мәміленің жанданбайтынын айтқан.
«Ресей ауыл шаруашылығы экспортына қатысты барлық келісімдер орындалса, біз астық келісімін қайта жаңғырту мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», деп мәлімдеді Ресей президенті.
Сонымен бірге Путин Киевті гуманитарлық дәліздерді лаңкестік әрекеттер үшін пайдаланды деп айпыптады. Дәліздегі қауіпсіздікті Ресейдің қамтамасыз етіп келгенін айтқан ол, Батысты да астық келісімінің гуманитарлық сипаты туралы алдады деп айыптады.
Путин сондай-ақ Ресей азық-түлік пен тыңайтқыштарды өз күшімен экспорттайтынын айтты. Ол Африканың алты елімен астық жеткізу бойынша келіссөздерді аяқтауға жақын екенін мәлімдеген. Сонымен бірге Ресей басшысы Түркия арқылы басқа елдерге газ жеткізуді жалғастыратынын, соңғы 8 айда Түркияға 10 миллиард текше метрден астам газ жеткізгенін айтқан.
17 шілдеде Ресей украиналық азық-түлікті Қара теңіз порттарынан қауіпсіз экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнен ресми түрде шығып, кеме қатынасының қауіпсіздігіне кепілдікті алып тастады. Осыдан кейін ресейлік әскерилер Украина порттары мен элеваторларын бомбалай бастады.
Wall Street Journal басылымы дипломаттар мен сарапшыларға сілтеме жасай отырып, Ердоған «Азовсталь» қорғаушыларын Украинаға қайтарып, Швецияның НАТО-ға кіруін мақұлдап,Путинді «ашуландырып алғаны» себепті Ресей астық келісімін ұзартудан бас тартты деп жазды.
Сочидегі келіссөздер Путин мен Ердоғанның 2022 жылдың қазанынан бергі алғашқы жеке кездесуі болды. Бұл кездесуде екі тарап астық келісімін қалпына келтіру мәселесін талқылау керек болған. Бұл келіссөзге БҰҰ мен ЕО үлкен үміт артқан.
«Еуропалық Одақ Ресейдің Қара теңіз маршруттарын ашады деп үміттенеді. Ресейдің соңғы әрекеттері дүниежүзілік азық-түлік дағдарысын күшейтіп, миллиондаған осал адамдарға әсер етеді. Біз Ресейді Қара теңіз келісіміне оралуға шақырамыз», деген болаын ЕО дипломатия басшысы Жозеп Боррелдің баспасөз хатшысы Питер Стано.
Алайда келіссөздер ойдағыдай болмады. Путин бұл кездесуге дейін де, Ресейдің азық-түлік тауарларының экспортына жол ашылмаса, ешқандай мәміле болмайтынын айтқан. Ал АҚШ-тың Мемлекеттік департамент басшысы Энтони Блинкен «Астық мәмілесі» бойынша Путиннің барлық талаптары орындалғанын айтқан болатын.