Standard&Poor’s рейтингі: Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі «тұрақты» деңгейде
Standard&Poor’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты».
Standard&Poor’s халықаралық рейтингтік агенттігінің қорытындысына сәйкес Қазақстанның рейтингін қолдайтын негізгі факторлар – ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы теңгерімдері. Бұл ретте таза мемлекеттік қарыз төмен деңгейде тұрса, елдің өтімді сыртқы активтері сыртқы күйзелістерден қорғауға қабілетті.
S&P өз есебінде Қазақстанның фискалдық және сыртқы баланстары тәуекелдерді басқару үшін жеткілікті екендігін атап көрсеткен.
Агенттік сарапшыларының болжамына келер болсақ, олардың пікірінше, шоғырландырылған бюджет тапшылығы 2023-2026 жылдар кезеңінде орта есеппен ЖІӨ-ден 1,6%-ға дейін қысқарады. Мемлекеттік кірістердің өсуіне салық саясаты мен әкімшілендіруді реформалау жөніндегі шаралар ықпал етпек.
Сондай-ақ сарапшылар ҚР Үкіметі жүргізіп жатқан тиімді макроэкономикалық саясатты атап өтті. Нақтылай айтқанда, Үкіметтің макроэкономикалық саясаты инвестициялық бағдарламалар арқылы экономиканы әртараптандыруға, мемлекеттің қатысуын қысқартуға, бәсекелестікті дамытуға, салық саясатын жетілдіруге бағытталған.
Жалпы, S&P Қазақстан экономикасының 2023-2026 жылдары 4% деңгейінде өсуін болжайды.
ҚР Үкіметі инвестициялық сенімділік деңгейінде дербес рейтингті сақтау бойынша қарқынды жұмысты жалғастырады.