Әнипа Назарбаева иеленіп алған колледж мемлекет меншігіне қайтарылды
Осы жылдың мамыр айының соңында «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын Әнипа Назарбаеваның иелігінен алып, мемлекет меншігіне қайтару туралы сот отырысы өткен. Сот үкімімен колледж мемлекетке қайтарылған.
Сотқа 2022 жылдың қыркүйегінде Алматы облысының қаржы басқармасы арызданған. Басқарма басшысы Бибігүл Ұзақова экс-президенттің әпкесі Әнипа Әбішқызы Назарбаева иелік ететін «Анипа» жеке кәсіпкерлігін сотқа берген.
«Алматы облыстық қаржы басқармасы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің талабы қанағаттандырылсын. «Алматы облыстық қаржы басқармасының» және жеке кәсіпкер Назарбаева Әнипа Әбішқызының «Анипа» жеке кәсіпкерлігімен №3 2016 жылдың 7 шілдесінде жасалған «Үшқоңыр су шаруашылық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы шарты бұзылсын», делінген сот құжаттарында.
Сондай-ақ сот Әнипа Назарбаеваны шартта көрсетілген колледжге тиесілі мүлікті толық қайтаруды міндеттеген.
Еске сала кетсек, 18 сәуірде Әнипа Назарбаеваның бауыры Болат Назарбаев «Барыс» көлік базарынан айырылды. Базар орналасқан жер учаскесін сату туралы келісім-шарттарды Қарасай аудандық соты жарамсыз деп таныды.
Кейін Болат Назарбаев мемлекет меншігіне өткен «Барыс» базарын қайтарып алуға арыз берген. Шағымы аппеляциялық сотта қаралған оның талабын азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қанағаттандырмады.