Көп қаражат кетпейді – Қаржы министрі жаңа министрліктерге жұмсалатын шығын туралы айтты

Жарияланды
gov.kz и shutterstock

Жаңадан құрылған бес министрлікке көп қаражат жұмсалмайды. Бұл жайлы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Мәжіліс алаңында журналистердің сұрағына жауап берген ол үкіметтің алғашқы отырысы енді өткенін, министрліктер әлі құрылып үлгермегенін сол себепті оған қанша қаражат кететіні жайлы нақты мәліметтер жоқ екенін айтты. Десе де, министр көп бюджеттік шығындар болмайтынын айтты.

«Бұл біздің берік ұстанымымыз. Министрліктер сол ғимараттарда қалады деп ойлаймын. Әрине, кейбір министрлерге жаңа кабинеттер қажет болар, бірақ олар өз бетінше жұмыс істейді. Егер бюджет шығыны сәл өсетін болса, бұл экономика өсімімен ақталатын болады. Бұл министрліктер не үшін құрылып отыр? Өзінің саласын ары қарай дамыту үшін құрылды», деді министр.

Елімізде барлық салаларда өсім байқалып жатқанын айтқан Жамаубаев министрліктер өздеріне тиісті салаларды дамыту арқылы жылына 6-7% экономикалық өсімге қол жеткізе алады деп санайды. Бұл салалардан түсетін салықтар жұмсалған шығынды оңай жабады.

Сонымен бірге журналистер министрден АЭС салу үшін өткізілуі мүмкін референдумға кететін шығынның қандай мөлшерде болатынын сұрады.

«Бюджеттік процеске қатысты ОСК бізге тиісті тапсырыс береді. Осынша қаражат мынадай сайлау комиссияларын құру үшін қажет дегендей ұсыныс жасайды. Бірақ нақты есептеулерді алмай, мен ештеңе айта алмаймын. Мүмкін, осы жолғы референдумның қаражаты (алдыңғы референдумға қарағанда) аз болар… Аз болуы керек, ондай көп қаражат кетеді деп ойламаймын», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз