Тоқаев Экология министріне ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту мен орман өртінің алдын алуды тапсырды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экология және табиғи ресурстар министрілігінің жаңа басшысы Ерлан Нысанбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Экология министріне жаңа экологиялық заңнаманы жүзеге асыру және Қазақстанның табиғи ресурстарын сақтау тапсырылды.

Сонымен қатар Нысанбаевтың алдына ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын, осы нысандардағы шығарындыларға мониторинг жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылау міндеті қойылды.

«Министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктердегі орман өртінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті», делінген хабарламада.

Одан бөлек, Тоқаев ағаш отырғызуға қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру және ретсіз пайда болған қоқыс полигондары мәселесін шешудің кешенді тәсілдерін әзірлеу маңызды екеніне назар аударды.

1 қыркүйекте Президент жарлығымен 5 министрлік құрылған болатын. Осылайша елімізде жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі, Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пайда болды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы Экология министрлігі функцияларының бір бөлігі жаңадан құрылған Су ресурстары министрлігіне берілді. Сонымен қатар Тоқаев бұл қызметті небәрі тоғыз ай атқарған Зүлфия Сүлейменованы қызметінен босатып, оның орнына Ерлан Нысанбаевты тағайындады.

Жалпы алғанда үкімет мүшелері құрамында 26 шенеунік бар. Kursiv.kz үкімет құрамындағы өзгерістер мен жаңа министрлердің қызмет жолына шолу жасаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз