Фото: kursiv.media
AMANAT партиясы фракциясының депутаттары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың табысын ашық жариялауды талап етіп отыр. Мәселен, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін пайданың 70%-нің орнына тек 10%-ін ғана төлеген. Яғни былтырғы 1 триллион 629 млрд теңге таза табысының 170 млрд теңгесін қайтарған. Ал тапсырма бойынша, бюджетке 1 триллион 140 млрд теңге қайтаруы қажет еді. Яғни, 970 млрд теңге мемлекет қазынасына аударылмаған. Мәжіліс депутаттары қаражат республикалық бюджетке құйылса, елдің әл-ауқатын көтеретін жобаларды іске асыруға бағытталатын еді дейді.
Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдаған депутаттық сауалында олар Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың табысы туралы ашықтық және жариялылық сақталмай отыр деп мәлімдеген.
«Мысалы, 2022 жылы Air Astana басшысы өзіне 394 млн теңге сыйақы төлегені туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жазды. Ал, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының деңгейімен салыстыруға келмейтін «Отбасы Банк» мемлекетке 67 млрд теңгеден астам қаражат қайтарды. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермеу үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін жұмылдыруға шақырады», делінген депутаттық сауалда.
Осыған байланысты мәжілісмендер мынандай ұсыныс айтады:
- Бірінші. Дивидендтік саясаттағы жүйелі кемшіліктерді қайта реттеу;
- Екінші. Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін 70% пайдасын толық қайтаруды және қайтарылған қаражатты «Жайлы мектеп» жобасына немесе әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне жұмсау;
- Үшінші. Холдингтер мен Ұлттық компаниялардың дивидендтік табыстары бойынша Парламентке ашық есеп беруін қамтамасыз ету.
Биыл маусымның соңында «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева 2022 жылдың қорытындысы бойынша қордың 1,9 трлн теңге таза табыс тапқанын мәлімдеді.
«2022 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы пандемия салдарын өткеріп, орнықты өсімді қалпына келтірді. Бұған компаниялардың маңызды өндірістік көрсеткіштерінің жақсаруы әсер етті. Бұл қордың қаржылық жағдайына позитивті ықпал етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қорға 14 785 млрд теңге табыс түсті. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 26 пайызға жоғары. Таза кіріс рекордты деңгейге жетті – 1 922 млрд теңге. Бір жыл бұрынғыдан 18 пайызға көп», деген еді қор өкілі.
Оның айтуынша, былтыр қор портфелді компаниялардан 493 млрд теңге дивиденд алған.
«Бұл бір жыл бұрынғы дивиденд көлемінен екі есе көп, соның арқасында жалғыз акционер – Қазақстан үкіметіне төлейтін төлеміміз де 302 млрд теңгеге артты. 2023 жылы қор жалғыз акционерге төлейтін төлем көлемін ұлғайтуды ойластырып отыр. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына және Ұлттық қорға активтердіжекешелендіруден түскен 481 млрд теңге көлеміндегі соманы бөлуді жоспарлауда», деп түсіндірді басқарушы директор.
Алайда қор төлеген дивиденд көлемі таза пайдасының жартысына да жетпейді. Мұны Жоғарғы аудиторлық палата да байқаған Палата басшысы Наталья Годунова 2022 жылы ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке төленуге тиіс 70 пайыз көлеміндегі дивидендтің орнына небәрі 10 пайыз құйды деп мәлімдеген болатын.
Алайда Қор төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың арнайы құқығы бар және сол құқыққа сәйкес жұмыс істеп жатырмыз деп жауап берген.
«Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдарға қарасты компаниялар таза табысының 70 пайызын мемлекетке төлеуі тиіс. Алайда біз мемлекеттік органға қарасты емеспіз. Біз үкіметтің қоластындағы мекемеміз. Сондықтан аталған бұйрықтың бізге қатысы жоқ. Бізде нақты ұлттық-әлеуметтік құқық бар, сол құқыққа сәйкес жұмыс атқарып жатырмыз және дивидендтік саясатты сол құқыққа сәйкес жүзеге асырып жүрміз» дейді Жақыпов.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшылары 2022 жылы қордан жарты миллиард теңгеге жуық сыйақы алған. KASE сайтындағы «Компаниялар туралы ақпараттар» бөлімінде «Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджменті 2022 жылы 406,5 миллион (406 496 960) теңге көлемінде сыйақы алды деп жазылған.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар