Мұнай тасымалдаудың баламалы жолы: «Қазақтеңізфлоты» жыл соңына дейін тағы 3 танкермен толығады

Жарияланды
Смаилов поручил ускорить работы по ГПЗ на Кашагане
Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» бен AD Ports Group-тың «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» біріккен кәсіпорны 2023 жылдың соңына дейін үш танкермен толықтырылады. Болашақта мұндай танкерлер санын 10-ға жеткізу жоспарланған. Бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев айтты.

«Қазір төрт танкер жұмыс істеп жатыр. Оның екеуі біздікі, екеуі Abu Dhabi Ports-қа тиесілі. Әрине, танкерлер паркін ұлғайту жоспарда бар. Бірлескен кәсіпорын өз паркін осы жылы 7 танкерге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта біз танкер санын 10-ға дейін ұлғайтамыз», деді Мырзағалиев.

2023 жылдың ақпанында құрылған «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы (ҚМГ-ның 100% еншілес ұйымы) және AD Ports Group (БАӘ) бірлескен кәсіпорны – Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd дедвейті 8 мың тоннаға жететін екі жаңа Taraz және Liwa танкерлерін сатып алды.

«Біздің республика мен БАӘ паритетті негізде Ақтау-Баку теңіз жолы бойынша мұнай тасымалдайды. Алынған екі танкер Қазақстаннан жылына 750 мың тонна мұнай тасымалдау жөніндегі міндеттемелерін толық өтейді», деп хабарлаған болатын компания.

Сондай-ақ Мырзағалиев қысқа мерзімде БАӘ-мен бірлесіп, ашық теңіздер мен Каспий теңізінде мұнай тасымалдау үшін танкерлер жасау жоспарда бар екенін айтты. Компанияның мәлімдеуінше, бұл жерде Мырзағалиев кеме жөндеу зауыттарының біріне жаңа танкерлерді құрастыруға тапсырыс беру туралы айтқан. Өйткені ҚМГ мен AD Ports Group та кеме жасау қуатына ие емес, сәйкесінше, олардың бірлесіп өз танкерлерін шығару мүмкіндігі жоқ.

Компания қазіргі таңда бірнеше елдің танкер жасау зауыттарын қарастырып жатқанын хабарлады.

«Түркия, Корея, Еуропа, Қытай, Әзірбайжан және Қазақстанның зауыттарында кеме құрылысына тапсырыс беру мүмкіндігіне талдау жүргізіліп жатыр. Олардан түскен ұсыныстар зерттелуде. Нәтижесінде құны мен құрылыс уақыты бойынша ең қолайлысы таңдалады», деп мәлімдеді компания.

ҚМГ қазіргі уақытта ашық теңізде пайдалану үшін дедвейті 115 000 тонна болатын екі Aframax танкерін және Каспий теңізінде пайдалану үшін дедвейті 12 000 тоннаны құрайтын Каспиймакс үш кемесін салуға тапсырыс беруді жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, осыған дейін Bloomberg Қазақстанның «Қазмұнайгаз» мемлекеттік компаниясының Ресейді айналып өту үшін теңіз арқылы мұнай тасымалдауға танкерлер сатып ала бастағанын жазды. Өз кезегінде «Қазмұнайгаз» басшысы танкерлердің көбеюін Украинадағы соғысқа еш қатысы жоқ екенін, бұл компанияның органикалық өсімі екенін айтты.

AD Ports Group – Біріккен Араб Әмірліктерінің порты, өнеркәсіптік және логистикалық операторы, Абу-Дабидің әртараптандырылған экономикасының негізгі секторларын қамтитын ірі кәсіпорындардың кең портфолиосы бар аймақтағы ең ірі холдингтік компаниялардың бірі. Порттарды, өнеркәсіптік қалаларды және еркін аймақты, теңіз, логистика және цифрлық технологияларды қамтитын бірнеше кластерлерді басқарады.

«Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес ұйымы. Компания – Қазақстандағы ең ірі флот және елдегі танкерлер, буксирлер, сондай-ақ габаритті емес жүктерді тасымалдауға арналған кемелер мен әртүрлі мақсаттағы баржаларға ие. Ол Каспий теңізінің суларында және Қара және Жерорта теңіздерінің суларындағы бағыттар бойынша мұнай тасымалдайды.

Сондай-ақ оқыңыз