Осы жылдың соңына қарай «Алиса» қазақша сөйлей бастайды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Осы жылдың соңына дейін Яндекс компаниясы Қазақстанда қазақ тілді Алиса виртуалды көмекшісін іске қосады. Бұл жайлы «Ведомости» басылымына Яндекстің іздеу және жарнамалық технологиялар бизнес тобының жетекшісі Дмитрий Масюк айтқан.

«Қазақ тіліндегі дауыстық көмекші Яндекс браузерінде компьютерлерде, смартфондарда және мобильді қосымшада қолжетімді болады», дейді компания өкілі.

Жалпы «Яндекстің» «ақылды» колонкалары Беларусьте, Қазақстанда, Израильде және Өзбекстанда сатылады.

Көптеген басылымдар бұл жаңалық белгілі болған соң, «Яндекс Аркадий Волождың отанында қазақ тілді виртуалды көмекшіні іске қосады» деген жаңалық тарады. Оған себеп, тамыз айында Яндекстің негізін қалаушы Аркадий Волож өзінің Volozh.com сайтында Ресей ашқан соғысқа қатысты пікір білдіріп, өзін Ресейдің емес, Қазақстанның Атырау қаласынан шыққан израильдік кәсіпкер ретінде таныстыра бастады. Кәсіпкер Ресейде 2014 жылдан бері тұрмайтынын және 2022 жылдың ақпанынан бастап Яндекске қатысы жоқ екенін айтты.

«Мен Ресейдің Украинаға айуандықпен басып кіруіне үзілді-кесілді қарсымын, онда көптеген адамдар сияқты менің де достарым, туыстарым тұрады. Украиналықтардың үйлеріне күн сайын бомбалардың ұшатыны мені шошытады. 2014 жылдан бері Ресейде тұрмағаныма қарамастан, елдің іс-әрекеті үшін менің де жауапкершілігім бар екенін түсінемін», деп мәлімдеген ол, өзін ЕуроОдақтың санкцияларынан босатуды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз