Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 15 млрд долларға жетті
Былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналым 15 млрд долларға жеткен. Бұл жайлы Премьер-министр Әлихан Смайылов пен елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездесу барысында айтылды.
Жалпы Италия мемлекеті Қазақстанның әлем бойынша ірі үш сауда серіктесінің бірі саналады және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұр. Мәселен, былтыр екіжақты тауар айналымы 55%-ға жуық артып, шамамен $15 млрд-қа жеткен. Сондай-ақ Италия Еуропалық одақ елдері ішінен Қазақстан экономикасының тұрақты ірі инвесторлар бестігіне кіреді.
Бұл елден соңғы 17 жылда шамамен 7,3 млрд долларға инвестиция тартылған. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ол қаражат шамамен 2,5 есе өсіп, 300 млн долларға жеткен.
«Екі ел арасында тауар айналымын одан әрі арттыруға әлеуетіміз жеткілікті. Біз Италияға жалпы құны $900 млн-нан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын арттыруға дайынбыз. Елдеріміз арасындағы инвестициялық өзара іс-қимыл жаңа бірлескен жобалармен нығая түсуде. Біз бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Антонио Таяни Италия Қазақстанмен жан-жақты, әсіресе сауда, энергетика және өнеркәсіп бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.
«Біз Италияда бірлескен кәсіпорындарды, жаңа қазақстандық компанияларды ашуға дайынбыз. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін Іскерлік кеңес құруға ниеттіміз», деді ол.
Сонымен қатар ол Алматыда жаңа итальяндық мәдениет институтын ашудың маңыздылығын атап өтті. Бұл екі ел арасында студенттер алмасуды арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Әлихан Смайылов Италия елшілігінің Астанадағы жаңа кеңсесінің ашылуына қолдау білдірді. Бұл іскерлік байланыстарды орнатуға ауқымды үлес қосып, өзара сауданың дамуына тиімді әсер ететінін атап өтті.