Қазақстанға әкелінетін көлік құнының 30%-ы салықтар мен алымдардан тұрады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанға шетелден автомобиль тасымалдау кезінде автокөлік иелері транспортты жеткізу шығынынан бөлек, кедендік баж салығын, қосымша құн салығын және утильалым мен бастапқы тіркеу құнын төлеуге міндетті. Қазақстандағы көлік жүргізушілердің халықаралық қауымдастығының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта елге әкелініп жатқан көліктердің ақырғы құнының 30 пайызға жуығын алымдар мен салықтар құрап отыр.

Елдегі көлік паркінің айтарлықтай ескіріп кетуіне де осы жоғарыда айтылған факторлар себеп болып отыр. Көпшілік шетелде әлдеқайда арзан тұратын көлікті өз елімізде тым қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Олай еткісі келмеген азаматтар бәрібір тәуекел етіп, шекара асқанды жөн көреді. Соның өзінде қып-қызыл шығынға батады. Тек арадағы аздаған айырмашылық пен көлік сапасын көңілге медеу етіп қайтады.

Мысалмен сөйлер болсақ, 2022 жылғы, орташа кластағы автомобиль шетелде 5 533 500 теңге тұрады. Оны елге әкелу барысында төлейтін кедендік баж 830 025 теңге болмақ. Қосымша құн салығы – көлік құнының 12 пайызы – 766 023 теңге. Сондай-ақ сатып алушы 603 750 теңге утильалым мен бастапқы тіркеуді төлейді. Нәтижесінде, автомобиль құны 7 734 161 теңгеге жетеді. Соның 2 200 661 теңгесін кедендік шығындар құрайды, бұл дегеніңіз көлік құнының шамамен 28 пайызы.

«Люкс санатындағы автокөлікті сатып алған жағдайда көлік иесі кедендік баж бен салық үшін көліктің түпкілікті құнының 25 пайызын төлейді. 26 202 750 теңге тұратын көлікті алса, оның қосымша шығыны 8 153 405 теңге болмақ. Бұл – көліктің 24 пайызға жуық құны. Автомобилдің ақырғы құны 34 356 155 теңгеге дейін жетеді», деп мәлімдейді қауымдастық.

Алайда мұндай ереже электромобилдерге қатысты емес. Электрокар иелері Қазақстанға әкелу кезінде тек бастапқы тіркеу құнын төлейді. Кедендік баж бен салықтар шығын қатарына кірмейді.

Қалай десек те қазір елге сырттан көлік жеткізу саудасы қызып тұр. 2022 жылы Қазақстанға 55 251 жеңіл автомобиль импортталған. Олар үшін 216 млрд теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар төленген. Биыл бірінші тоқсанда ел аумағына 25 277 жеңіл көлік әкелініпті, олардың кедендік шығыны 83 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,2 есе көп.

Әлеуметтік желіден де осы қызметпен айналысатын парақшаны көптеп табуға болады. Ондағы жігіттер қалаған көлігіңізді мейлінше арзанға жеткізіп беруге даяр. Әрине, көлікті ел аумағына кіргізгеннен кейін оны тіркеуге қойып, тиісті алым-салығын төлеу қажет. Бірақ бұған көз жұма қарап, ел көшелерінде желдей жүйткіп жүргендер де баршылық. Биыл бұл мәселе Президенттің де назарынан тыс қалмаған еді.

«Тиісті тіркеусіз жүрген шетелдік көліктер жолдағы ахуалды қиындата түсті. Олардың жүргізушілері жол ережесін тым дөрекі бұзып жатады. Оларды құқықтық жолға түсіру үшін менің тапсырмаммен бұл автомобилдерді заңдастыру процесі жүріп жатыр. Қазіргі уақытта бұл бағытта аз жұмыс істелген жоқ. Дегенмен осы жұмысты әрі қарай жалғастырған дұрыс. Ең бастысы – қателікті қайталамау керек», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінде өткен жиында.

Президенттің айтуынша, автокөліктерді криминалдық схемамен әкелудің және полицияны қатыстыра отырып тіркеуге қоюдың да алдын алу қажет. «Әділетті және құқықтық мемлекетте ондай заңсыздыққа жол берілмеуі тиіс» деді Тоқаев.

Рөлі оң жақта орналасқан көліктерді әкелуге жарты жылға тыйым салынады. Мұндай көліктердің әкелінуін алты айға шектеу туралы құжатты Индустриалдық даму комитеті әзірлеген. Құжатқа сәйкес, бұрын пайдаланылған, деталдері жеткіліксіз, толық емес құрастырылған (капот қақпағы, газ бактарының люктері және т.б.), оптикасы бар, отырғыштары мен аспаптар панелі бар шанақтарды жеткізу мүмкін болмайды.

Әлемнің кез келген елінен әкелінген кез келген маркадағы көліктің барлық кедендік шығындарын еліміздегі көлік жүргізушілерінің халықаралық қауымдастығының ресми сайтында есептеуге болады. Ол үшін қолданушы автомобиль маркасын, оның шығарылған жылын және қозғалтқыш көлемін және инвойс құнын енгізеді. Автомобилді Қазақстанға әкелу кезіндегі қосымша шығындар теңгемен немесе доллармен автоматты түрде есептеледі.

Айта кетерлігі, автокөліктің маркасы мен оның сипаттамаларын көрсету кезінде калькулятордағы автокөлік құны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитеті жария еткен баға ақпаратына сәйкес көрсетіледі. Калькулятордың көмегімен Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдегі кедендік ресімдеу құнын есептеуге болады.

Әрине, бұған қарап Қазақстанға кез келген көлікті әкелуге болады екен деген сенімді ой туындамауы керек. Өйткені оның да өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Сондықтан шетелден көлік әкелу асқан мұқияттылық пен сауаттылықты талап етеді.

Бөтен нөмір таққан көлікті оған иелік ететін жеке және заңды тұлға немесе халықаралық қозғалысқа қатысатын шетел азаматы ғана шекарадан өткізе алады. Сенімхат не сақтандыру арқылы жүргізетіндер автомобиль иесі саналмайды. Ал халықаралық қозғалыста деп шетел азаматы немесе Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ адамның меншігіндегі машина танылады.

Басқа елден келген көліктерді шекара маңында орналасқан автомобиль бекеттеріндегі кеден қызметкерлері тексеріп, тіркейді.

Қандай көлік Қазақстан аумағына кіре алмайды?

Олар:

  • Халықаралық немесе ҚР ұлттық заңнамасына сәйкес іздеуде жүрген;
  • Иелік ету, пайдалану, тапсыру құқығы шектелген;
  • Құжаттары мен мемлекеттік нөмірі жарамсыз;
  • Торап және агрегат нөмірі жасырын, жалған және өзгерген көліктер –  мұны полиция анықтайды;
  • Таңбалануы, техникалық және сәйкестеу сипаттамалары мен тіркеу құжаттарындағы мәліметте айырмашылық бар;
  • ЕЭО елдерінде тіркелгені КҚЭП (ЭПТС) жүйесіндегі электронды паспортта жазылған мәлімет арқылы расталмаған.

Қазақстанға көлік жеткізу қызметін көрсету туралы келісімшарты жоқ клиенттерге машина әкелмек болған автотасығыштар да ел аумағына кіре алмайды. Келісімшартта автомобиль иесі, көліктің сәйкестеу белгілері, жеткізу орны, қабылдау шарттарына қатысты мәлімет болуға тиіс. Жауапты органдар машина туралы мәліметті электронды техпаспорт жүйесі көмегімен тексереді.

Басқа мемлекетте есепте тұрған машина біздің елде техникалық тексерістен өтіп, сақтандыру полисін алуға міндеттеледі. Ондай көлікпен такси қызметін атқаруға болмайды.

Елге келген автомобиль туралы мәлімет кеден, шекара, полиция және сақтандыру қызметтерінің базасында сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз