Жаңалықтар

Болат Назарбаевтың көмекшісі саналған Елдос Қоспаев пен ол бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесі елге жеткізілді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылғы 6 қыркүйекте жүзеге асырған операциясының қорытындысы бойынша Солтүстік Кипрден Қазақстанға Елдос Коспаев және ол бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесі жеткізілді. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған адамдарды бұған дейін Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топты құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздестіруге жариялаған болатын.

Тергеу мәліметтері бойынша, оның мүшелері қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ көлеңкелі бизнеспен айналысқан.

ҰҚК операциясы шеңберінде шетелдік әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, топ қатысушыларының орналасқан жерлерін анықтау, сәйкестендіру және ұстау жөніндегі қажетті жедел іс-шаралар ұйымдастырылды.

Күдікті адамдар ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметінің жауынгерлерінің айдауылымен Астана қаласына жеткізілді және қылмыстық қудалау органының қызметкерлеріне берілді.

Ақпарат құралдарында бұған дейін жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қоспаев ҰҚТ ісінде 130-дан аса жылжымайтын мүлік нысаны, 35 люкс автокөлік, тоғыз миллион доллар қолма-қол ақша және 11 жер учаскесі бар.

Тіпті, Алматы облысында Қоспаевтың өзі тұтас бір шатқалды басып алып, онда ешқандай рұқсатсыз нағыз ранчо тұрғызғаны туралы ақпарат жарияланған еді. Ол мұнда жылқылармен қоса, аю, африкалық арыстандар жұбын ұстаған. Сәнді үйде мини-кинотеатр, бассейн, спорт залы және банкет залы болғаны анықталған еді.

Сондай-ақ, ақпарат көздеріндегі деректерге сәйкес, Елдос Қоспаев тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың көмекшісі болған.