Жамбыл облысында су мәселесін шешуге жұмсалған 40 млрд: жауапты мекеме су тапшылығын қалай шешпек?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрайымы міндетін атқарушы Сәуле Шалмағанбетова «Курсивке» Қырғызстанмен арадағы су мәселесі жөнінде айтып берді.

Су шаруашылығы жағдайы күрделі болып қалуына байланысты 2023 жылғы 19 шілдеде Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының су шаруашылығы ведомстволары арасында кездесу өткен. Кездесу барысында екі тарап хаттамаға қол қойған. Қырғыз тарапы су ағыны ұлғайған кезде су жіберуге келіскен. Оған сәйкес Киров су қоймасынан Талас өзенінің Қазақстан аумағына құйылатын ағыны 15 м3/с аспайтын болады.

«Шу-Талас өзені алабындағы су ресурстарының жағдайы өте ауыр. Шу-Талас өзені алабындағы өзен ағыныны ресурстарының 75%-ға жуығы Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады. Қолда бар су ресурстары халықтың және экономика салаларының қажеттіліктерін өтемейді, бұл Жамбыл облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторына айналады», дейді маман.

Комитет өкілінің айтуынша су экожүйелерінің экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін экологиялық және санитарлық шаралар жүзеге асырылуы керек. Жалпы ауыл шаруашылығының су тұтыну үлесі жалпы тұтынудың 60% құрайды екен. Маманның айтуынша 2029 жылға дейін болжамды су шаруашылығы балансы бойынша көршілес елдердің аумағынан келетін ағын 51,5 км3 -ден 46,5 км3 дейін азаса, ішкі өзен ағыны мұздықтардың еруіне байланысты 102,3км3-тен 99,4 км3 дейін азаяды деп күтілуде.

Су мәселесін шешу мақасатында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында суды тиімді және ұқыпты пайдалануға, экожүйені сақтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2023-2029 жылдарға арнайы дайындалып жатқан жаңа Су кодексі де бұл саладағы мәселерді шешуге көмектеспек.

«Оңтүстік өңірлердің Орталық Азия елдерінің су саясатына тәуелділігі нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін суармалы су тапшылығының салдарын барынша азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шаруашылық мақсаттарда суды тиімді тұтынуды қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы дайындалған. Соның нәтижесінде 1,5 мың шақырым суару арналарын қайта жаңарту жоспарланған», дейді Сәуле Шалмағанбетова.

Еліміздегі қуаңшылық салдарынан Жамбыл облысында шаруалардың егіні қурап, облыста төтенше жағдай жарияланды. «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарының айтуынша, Су комитеті дер кезінде қимылдап, бекітілген шараларды лайықты деңгейде жүргізсе, бұл жағдайдың алдын-алуға болатын еді деген депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

«Облыста қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен жалпы құны 40 млрд теңге құрайтын 2 жоба жүзеге асырылып бастаған. Аталған жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» кәсіпорны. Айта кету керек, аталған 2 жоба 2021 жылы аяқталып, жалпы 114 мың гектар алқапты сумен қамтуы керек еді. Алайда, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» кәсіпорны тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталуы ағымдағы жылдың желтоқсанына ауыстырылған. Жұмыстың уақытылы аяқталатыны үлкен күмән туғызады», дейді депутаттар.

Депутаттардың айтуынша атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Бүгінгі таңда жобалар аясында жоспардағы 54 мың гектардың тек 34 мың алқабы ғана ағын сумен қамтылған. Жауаптылардың салғырттығы салдарынан 20 мың гектарға жуық жерді иеленіп отырған шаруалар шығынға батқан.

«Бұдан бөлек, ағын суды алу бойынша қырғыз билігімен жүргізілген келіссөздердің уақытылы жасалмағандығы және нәтижесіз болуы су тапшылығын ушықтырып отыр. Неліктен алдын-алу шаралары дер кезінде қабылданған жоқ?» дейді депутаттар.

Сондай-ақ оқыңыз