АҚШ ресейлік олигархтардан тәркіленген активтерді Украина әскерінің ардагерлеріне бермек
Фото: kursiv.media
Вашингтон ресейлік олигархтардан тәркіленген активтерді Украинаның әскери ардагерлерін қолдауға жібереді. The Мoscowtimes басылымының жазуынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен ослай деп мәлімдеген.
Блинкен Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен бірлескен баспасөз мәслихатында: «Біз алғаш рет санкцияға іліккен олигархтардан тәркіленген активтерді Украинаға беріп жатырмыз, енді олар Украина әскери ардагерлерді қолдауға жұмсалады», – деді.
Оның пікірінше, «Путиннің басқыншылық соғысына үлес қосқан ресейлік олигархтар сол үшін жауап беруі тиіс». Алайда Блинкен нақты қандай актив және қанша бөлігі туралы айтып жатқанын нақтыламады.
Бұған дейін АҚШ бас прокурорының бірінші орынбасары Лиза Монако АҚШ билігі Ресейдің 1 миллиард доллардан асатын активтерін тәркілеген немесе тәркілеуге көмектескен деп мәлімдеді.
«Біз Конгресстен алынған қаражатты Украина халқының игілігіне пайдалануға рұқсат сұраймыз», – деді Монако CBS арнасына берген сұхбатында.
Санкцияға ұшыраған ресейлік кәсіпкерлердің активтерін АҚШ Әділет министрлігі құрған ведомствоаралық KleptoCapture тобы басқарады. Атап айтқанда, ол 300 миллион доллар тұратын яхтаға санкция салды. Бірақ тәркіленген мүлікті конфискациялау туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
Бұл ретте топтың бұрынғы басшысы Эндрю Адамс тәркілеуден түсетін қаржы «Ресейдің Украина халқы мен жеріне келтірген апат бағасымен салыстыруға келмейтінін» айтады.
Мәселен, 2023 жылдың ақпанында АҚШ соты миллиардер, Царград телеарнасының негізін қалаушы Константин Малофеевтен тәркіленген 5,4 миллион долларды Киевке аударуға рұқсат берді. Бұл шешім KleptoCapture командасы өз жұмысын бастаған 2022 жылдың наурызынан бергі бірінші шешім болды.
Кремль ресейлік активтерді Украинаға беруді «бкіүл халықаралық құқық ережелері мен нормаларын бұзудың тағы бір қадамы» деп атады. «Бұл Америка Құрама Штаттарының меншік құқығына қол сұғуы», – деді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Сәуірде РФ президенті Владимир Путин Ресей, Ресей азаматтары және АҚШ- пен басқа да елдердегі компаниялардың активтеріне тыйым салуға қарсы шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Құжатта Ресей билігі тәркіленген жағдайда аталған елдердің Ресей аумағындағы мүлкін уақытша басқаруға беретіні шығады.