Электронды еңбек биржасы: тамыз айында білім беру саласының мамандарына сұраныс артқан
Тамыз айында Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 128,6 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 105 мың түйіндеме орналастырған. Шілде айымен салыстырғанда бос орындар саны 30,6 мың бірлікке артса, түйіндемелер – 11,7 мың бірлікке өскен.
Ең көп бос жұмыс орындарын басқа қызмет түрлеріндегі кәсіпорындар, негізгі және жалпы орта білім беретін мекемелер және ауыл шаруашылығының жұмыс берушілері орналастырған.
Өткен айда жоғары білікті кадрларға сұраныс күрт өсіп, 59,5 мың бос жұмыс орындары ұсынылған. Тамызда білім беру саласының мамандарына деген сұраныс 79%-ға артқан.
Өңірлік бөліністе Түркістан облысын қоспағанда (-11%), барлық өңірлерде бос орындар санының өсуі байқалған. Төрт өңірдің – Алматы және Астана мегаполистері мен Қостанай және Қарағанды облыстарының жұмыс берушілері жұмыскерлерді белсенді іздестіру жүргізген. Ал Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында еңбек нарығында сұраныстың артуы нәтижесінде бос орындар саны түйіндеме санынан басым болып шыққан.
Осылайша, тамыз айында білім беру саласындағы жұмыс берушілер мен ізденушілердің белсенділігінің арқасында бос жұмыс орындары да, түйіндемелер де өскен.