ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тұрақты негізде ұшу географиясын кеңейту, халықаралық рейстер санын ұлғайту және жаңа шетелдік авиакомпанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
Осылайша, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы авиациялық биліктерінің бірлескен жұмысының арқасында 2023 жылғы 7 қыркүйекте қытайлық «Loong Airlines» әуекомпаниясы Ханчжоу – Алматы бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсін орындады. Рейстер «А321» үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 3 рет (сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері) жиілікпен орындалатын болады.
Жаңа әуе тасымалдаушының Қазақстан Республикасының әуе тасымалы нарығына кіруі, сондай-ақ жаңа әуе бағыттың ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Анықтама:
Ханчжоу қаласы-Чжэцзян провинциясының астанасы. Қала халқы 10 млн. адам. 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында қалада 19-шы Азия ойындарын өткізу жоспарлануда. Ханчжоу қаласының әуежайы-Қытайдағы ең көп жұмыс істейтін 10 әуежайдың бірі.
«Loong Airlines» – 2011 жылдан бастап жолаушылар мен жүк тасымалдайтын қытайлық авиакомпания. Авиакомпанияның флоты «А321» (жолаушылар) және «Б737» (жүк) типті 70 ұшақтан тұрады.
Бүгінгі таңда» Loong Airlines » 170-тен астам қаладан 600 ішкі және халықаралық жолаушылар және жүк бағыттары бойынша тасымалдауды орындайды.
Әуе компания Ханчжоу қаласында өтетін 19-шы Азия ойындарының ресми серіктесі болып табылады.