Өткен жылы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» басшысы ретінде таныстырған Қанат Шарлапаев биыл өрледі. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Шарлапаев Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды.
Осы уақытқа дейін Ресейдің Саратов облысында туған Шарлапаевтың «азаматтығына» қатысты қоғамда біраз сөз болған.
«Бәйтерек» холдингінің сайтындағы дерекке сәйкес, Шарлапаев – РФ мен Ұлыбритания азаматы болған. Кейін оның Қазақстан азаматтығын алғаны мәлім болды. Осы уақытқа дейін холдинг Шарлапаевты «айрықша ықтиярхат» арқылы ақтап алып жүрді. Еңбек кодексін алға тартып, қандай жағдайда басшылық қызметке тағайындалғанын түсіндірді:
«ҚР Азаматтық кодексінің 3-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, шетелдік жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін көзделген нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы және сондай міндеттерді орындауға міндетті. Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы Басқарма «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Төрағасы лауазымына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының ережелеріне сәйкес, оның ішінде жұмысқа орналастыру кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтай отырып тағайындалды», – деген еді холдинг өкілдері.
Ұйым өкілдерінің, сонымен қатар, толыққанды мемлекетке қарайтын компания басшысының шетелдік болғаны заңға қайшы келмейтінін айтқаны бар.
Еске сала кетейік, Ресейдің бірқатар масс-медиасы Шарлапаевтың әкесі Бейсембай Шарлапаевтың Сарытауда (Саратов) елге белгілі, аграр маманы болғанын, 2016 жылдың қарашасында аймақ басшылығына пара бергені үшін сотталғанын жазады.
Шарлапаев Ресейдің азаматтығынан бас тартқаны жайлы дерек 18 қараша күні осы елдің құқықтық ақпарат порталында айтылды. Оның Ресей Федерациясының азаматтығынан шығуы туралы өтінішін Владимир Путиннің өзі қанағаттандырған.
«Бәйтерек» холдингіне уақытша басшы тағайындалғаны туралы Қазақстан қор биржасына хабарлады.
Уақытша төрағалыққа Айдапкелов Нұрболат Серғалиұлын тағайындалды. Ол 2022 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметі және агроөнеркәсіптік кешенді қолдау және дамыту мәселелеріне жетекшілік еткен.
«Бәйтеректің» сайтында оның екінші бір жерде қосымша жұмыс істемейтіні, еншілес ұйымдарға тиесілі акциялардың үлесіне иелік етпейтіні хабарланады.
Нұрболат Айдапкелов 1979 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша аяқтаған. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану»мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылдың қаңтарында «Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің «Ақпараттық-есептеу орталығында» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Еңбек және халықты жұмыспен қамту институты бөлімінің 2 санатты маманы болып бастады. 2002 жылдың маусымынан 2003 жылдың қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Статистика департаментінің қызмет көрсету секторындағы статистика департаментінің қызмет көрсету және туризм статистикасы басқармасының жетекші маманы болып жұмыс істеді. 2003 жылғы қарашадан 2006 жылғы қазанға дейін – Сараптамалық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру бойынша «Мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ қаржы бөлімінің бас маманы. 2006 жылғы қазаннан 2007 жылғы қазанға дейін – Сараптамалық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру бойынша «Мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ Қаржы департаментінің директоры. 2007 жылғы қазаннан 2008 жылғы қазанға дейін – «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ басқарушы директоры болды.
«Бәйтеректің» атқарушы органы енді төрт адамнан тұрады. Олар – Нұрболат Айдапкелов, Ғалым Үсен, Әділ Мұхамеджанов және Ерсайын Хамитов. Холдингтің Директорлар кеңесіне Премьер-министр Әлихан Смайылов, вице-премьер Роман Скляр, Ұлттық Банк басшысы Тимур Сүлейменов және қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кіреді.
«Бәйтерек» холдингі 2013 жылы құрылған. Оның жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі. Холдингтің құрамына: Қазақстанның Даму Банкі, KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы, Qazaqstan Investment Corporation, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, құрылыс салушыларға кепілдік беретін «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы», фермерлерге несие беретін «Аграрлық несие корпорациясы», сондай-ақ Bereke Bank бар. Bereke Bank былтыр Ресей Сбербанкінен сатылып алынды және АҚШ құрған санкциялардан тұсауынан ажыратылып жатыр.