«Сахна сыртындағы тыйымдар» алынды: Астана мен Алматыда Галкиннің концерті өтеді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ресейлік шоумен Максим Галкинге Алматы мен Астана қалаларында концерт өткізуге рұқсат берілді. Бұл туралы Eurostar entertainment халықаралық концерттік агенттігінің басшысы Алексей Пучков мәлімдеді.

«Достар, сіздерді жақсы жаңалықпен қуантқым келеді! Максим Галкиннің Қазақстандағы концерті өтетін болды!» деп жазды Пучков өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Артистің концерті Астанада 8 қазанда QAZAQSTAN орталық концерт залында, Алматыда 9 қазан күні Республика сарайында өтеді.

Осыған дейін Галкин өзінің Instagram парақшасында Қазақстан билігінің елде концерт өткізуге рұқсат бермей жатқанын хабарлады.

«Бір қызығы, Қазақстанда концерт өткізуге қатысты қиындықтар бар. Оның ішінде мемлекеттік деңгейде Астана мен Алматыда менің концертімді өткізуге кедергі келтіріп жатыр», – деді әзілкеш.

Галкиннің айтуынша, оның командасы Қазақстандағы өнер көрсету үшін бірнеше ай бойы келіссөз жүргізген. Алғашында шоуменге концерт өткізуге рұқсат берілген. Алайда билеттер сатыла бастағанда, «сахна сыртындағы тыйымдар» пайда болған.

«Концерттерімді өткізуге қорқып отырғанына қарағанда, мен Қазақстан үшін қауіпті шығармын. Қазіргі әлемдік жағдайда Қазақстан билігі өзін еркін сезінетін шығар деп ойладым», деп түйіндеген ол күндердің бір күні Қазақстанда концерт өткізетініне сенім білдірген болатын.

Артынша Астана қаласының мәдениет басқармасы, ұйымдастырушылар қайта жүгінген жағдайда, тиісті заңнамаға сәйкес, Максим Галкиннің кешін өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Мәдениет басқармасының хабарлауынша, кешті өткізуге қарсылық болмаған.

Максим Галкин Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресейден көшіп кетті. Ол Ресей бастаған соғысты айыптады. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей билігі оны «саяси қызметпен айналысқаны үшін» шетелдік агенттер тізіміне енгізді.

Ресей 2022 жылдың 24 ақпанында Украинаға басып кіріп, кең ауқымды соғыс бастады. Владимир Путин ДНР мен ЛНР тәуелсіздігін мойындады. Ресей басшысы Украинаны «демилитаризация және денацификация» жасау мақсатында арнайы операция бастағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз