Үкімет экономикалық өсім болжамын тым оптимисті қарастырып отырған жоқ па?
Фото: shutterstock.com
Әрине, кез келген оптимистік көзқарас пен болжамдардың болуы көңілге жылы, жүрекке жақын тиеді. Дегенмен мүмкіндікті шектен тыс бағалаудың да теріс әсері жоқ емес. Президент биылғы Жолдауында экономикалық мәселелерге баса назар аударды. Әсіресе, жаңа экономикалық модель қалыптастыруға айырықша ден қойды.
Бұл орайда Қаржы министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын негізге алайық. Аталған болжамға сәйкес республикалық бюджет жобасы түзіледі. Ал қазына тиынынан шашау шықса қандай жағдайға душар боларымызды ел тарихында болған әлденеше мысал дәлелдеп те қойған шығар.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын әзірлейтін Қаржы министрлігі түсіндірме жазбасында 2022 жылға арналған жалпы ішкі өнім бойынша есепті деректерді және 2023 жылға нақтыланған бағалауды, әлемдік экономиканың өсу қарқыны туралы халықаралық ұйымдардың болжамдарын және шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың үрдістерін ескере отырып қалыптастырылған 2024-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштерінің болжамына сүйенетінін жазады.
Базалық сценарийге сәйкес, жалпы ішкі өнімнің реалды өсімі 2024 жылы 5,3 пайыз деңгейінде болады деп болжанады. Сөйтіп, одан кейінгі 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін өспек. Яғни, жалпы ішкі өнімнің жылдық орташа өсу қарқыны алдағы орта мерзімді кезеңде 5,8 пайызды құрайды. Өз кезегінде номиналды жалпы ішкі өнім болжам бойынша 2024 жылы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңге дейін артпақ. Сонда 4 жыл ішінде 1,6 есе өседі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жалпы ішкі өнім өсімін 2029 жылға таман 6-7 пайыз көлемінде қамтамасыз етуді тапсырған еді.
«Реформалардың басты мақсаты – 2029 жылға таман ұлттық экономика көлемін екі есе, 450 млрд долларға дейін ұлғайту үшін 6-7 пайыз деңгейіндегі тұрақты экономикалық өсім қалыптастыру. Сөз жоқ, бұл ауқымды әрі күрделі міндет. Алайда экономикалық дамудың жемісін әр азамат сезінуі үшін бізге ұлттық байлықты әділ бөлістіру керек», деген еді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.
Сарапшылардың айтуынша, бұл ретте біздің экономикамыздың дәл осындай жоғары қарқынмен өсуіне сонда не ықпал етпек деген сауал туындайды. Өйткені ел экономикасы және бюджет мұнай мен газ түсіміне, одан қала берді жырымшылап алып тұратын Ұлттық қор трансферттеріне тәуелді.
«Әрі-беріден соң мұндай экономикалық өсім қаншалықты сапалы және орнықты болады деген де сұрақ туындайды. Әлде мұның бәрі мемлекеттік шығындар мен мемлекеттік ынталандыру есебінен өтелейін деп тұр ма? Бәлкім, Үкімет Бәлкім, Үкімет Президенттің экономиканың жыл сайын 6 пайызға өсуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын қазірдің өзінде болжамдарға енгізуге болады деп есептейтін шығар», дейді Tengenomika сарапшылары.
Бір қызығы S&P халықаралық рейтинг агенттігі де, Ұлттық банк те жақын жылдардағы экономикалық өсімге қатысты оптимистік көзқарас танытып отыр. Мысалы, STANDARD&POOR’S Қазақстанның дербес несие рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде, болжамды «Тұрақты» деп бағалап, растады. S&P шкаласы бойынша бұл мниималды инвестициялық рейтинг болып саналады. Бұған дейін де айтылып келгендей, Қазақстан рейтингіне қолдау білдіретін маңызды факторлар санатында күшті фискалдық және сыртқы баланс бар. Яғни, еркін конвертацияланатын валюталық активтер, алтын және Ұлттық қор сияқты халықаралық резервтеріміз біздің арқа сүйер асқар тауымыз болып тұрғаны рас.
S&P пікірі бойынша, шоғырландырылған бюджет тапшылығы 2023-2026 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің 1,6 пайызы көлемінде қысқарады. Бұл ретте мемлекеттік кіріс өсіміне салық саясатын реформалау және әкімшілендіру үлкен үлес қоспақ. Сөйтіп, халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның экономикалық өсімін 2023-2026 жылдары 4 пайыз деңгейінде болады деп болжайды. Әрине, бұл ел Үкіметінің оптимисті болжамынан (2024-2026 жылдары 5,8 пайыз болады орташа) төмен. Тиісінше, айтарлықтай алшақ та кетпеген.
Ал Ұлттық банктің тамыз айындағы ақша-несие саясаты туралы баяндамасында жаңартылған болжамдық раунд деталдері көрініс табады, сәйкесінше олар базалық сценарий аясында экономикалық өсім 4,2-5,2 пайыз диапазонында құбылады деп болжалдайды. Олардың бағамдауынша, биыл ішкі сұраныс өсімге елеулі үлес қосуы тиіс. Фискалдық ынталандырудың жалғасуы, инфляциялық процестердің баяулауына байланысты нақты жалақының оң динамикасының қайта жандануы және тұтынушылық несиелер өсімінің жоғары қарқынының сақталуы есебінен тұтыну сұранысы өседі.
2028 жылға таман ел экономикасының өсімі 6 пайызға жақындайды деген Үкімет болжамына мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов те назар аударады.
«Мемлекет басшысы 2029 жылға таман ЖІӨ өсімін 450 млрд доллар көлемінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл қаншалықты реалды цифр?
1999 жылы – Қазақстан үшін минималды ЖІӨ – 17 млрд доллар болды. Азия қаржы дағдарысы салдарынан капитал жеткіліксіздігімен бетпе-бет келді және төлем балансының тапшылығы орнады. Мұнай экспортының көлемі де төмен болды. 2000-2008 жылдары мұнай-газ салынған белсенді инвестиция (Теңіз, Қашаған) фонында ЖІӨ өсті. 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мұнайдың бағасын түсіріп, бұл экспорт пен инвестицияның қысқаруына алып келді. 2010-2013 жылдары мұнай бағасы жоғары шегіне жетті (барреліне 100 доллар). Сөйтіп, экономикалық өсім қалпына келді. 2015 жылы мұнай бағасы қатты төмендеп, экономикаға ауыр соққы болып тиді. Табыс қысқарды. Ұлттық валюта құнсызданды. 2016-2019 жылдары Қазақстан экономиканы алуан түрлі етуге бағытталған құрылымдық реформалар жүргізе бастады. 2020 жылы пандемия мұнайға деген әлемдік сұранысты қысқартып, қара алтын бағасы төмендеді. 2021 жылдан бастап экономикалық өсім қалыпқа келе бастап, мұнай бағасы барреліне 112 доллардан асты.Қарап отырсақ, Қазақстан ЖІӨ-сі өсім мен құлдыраудың бірнеше кезеңін бастан кешті. Көп жағдайда бұл мұнай мен газдың әлемдік бағасына, жаһандық экономикалық факторларға байланысты. 2029 жылы 450 млрд долларлық көрсеткішке жету үшін еліміз жыл сайынғы 11 пайыздық тұрақты өсімге ие болуы тиіс. Сыртқы әсерлерге сезімтал болсақ, тек өндіруші өнеркәсіпке арқа сүйесек мұндай өсімге қалай жетпекпіз?», дейді сарапшы.
6 қыркүйек күнгі отырыста Үкімет тіпті жоғары жалпы ішкі өнім межесін белгіледі.
«Жалпы жоғарыда аталған және басқа да бірқатар шараны іске асыру 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқыны мен көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. 2028 жылға қарай республиканың ЖІӨ-сі 475 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде. Бұған, атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптегі оң динамика ықпал ететін болады. Инвестицияларды игеру аясында құрылыс саласында тұрақты өсім күтілуде. Нақты сектордағы өндірісті ұлғайту қызмет көрсету секторын дамытуға ықпал етеді», делінген Үкімет хабарламасында.
Айта кетейік, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 104 трлн теңгені (225 млрд доллар) құрап, 28 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды.