Жылу орталықтары 70 пайыз тозып тұр: Қарағандының қысқа дайындығы қандай?
Фото: kursiv.media
Қарағанды облысын екі ірі нысан: ЖЭО-3 және ЖЭО-2 қымтамасыз етеді. Олардың ортақ қуаты –2400 Гкал/сағ көлеміндегі энергияны құрайды. Алайда екі нысанның да тозығы жетіп тұр. ЖЭО-3- 66% тозып тұрса, ЖЭО-2-де ол көрсеткіш 79,7%-ға жеткен.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық қызу. Биылғы жылы ЖЭО-2-де №4 қазандық агрегатына күрделі жөндеу және №5 қазандық агрегатына кеңейтілген жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, №3 турбоагрегатты толықтай жөндеу жоспарланған.
Сонымен қатар, Жылу-энергетикалық орталық-бу-үрлеу станциясындаңы (ЖЭО-ПВС) №4 және №2 қазандық агрегаттары, Шахтинск ЖЭО-да қазандық агрегаты жөнделіп жатыр.
Бұған дейін Қарағандыдағы екі ЖЭО-ны жөндеуге биыл 13 млрд жұмсалатыны хабарланған.
Бейсенбі күні Теміртау қаласында Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, энергетика нысандардың жылыту маусымына дайындығы, өңірді газдандыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу мәселелеріне тоқталған.
Қарағанды облысына газ жүргізу бойынша 76 млрд теңге көлеміндегі қаржыға 24 іске қосу кешенін орнату көзделеді. Оның ішінде құны 65,2 млрд теңге қаржыны құрайтын 16 іске қосу кешенін орнату арқылы Қарағандыны газдандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 2023 жылға Қарағанды облысы үшін Қарағанды және Теміртау қалаларына дейін газ желілерін салу бойынша жоспарланған 3 жобаны жүзеге асыру мақсатында 5,9 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген.
Былтыр еліміздің бірнеше қаласындағы ЖЭО-да апат болып, Екібастұз сынды қалалар қар құрсауында қалған соң, Энергетика министрлігі жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді. Еліміздегі 19 жылу электр орталығы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет.
27 маусымда өткен Үкімет отырысында Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындық барысында әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілік бар деп мәлімдеді. Үімет басшысы «жылыту маусымына әзірлік ақсар болса кадрлық шешімдер қабылданатынын» айтты.