Фото: ҚТЖ
2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасында темір жолмен 27,8 млн тонна жүк тасымалданады. ҚР мен ҚХР 2024 жылы жүк тасымалдау көлемін келісті. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық.
«Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР және ҚХР шекаралық темір жолдары аралас комиссиясының 32-ші кезекті отырыс хаттамасына қол қойылған. .
Кеңесте 2023 жылдың 8 айында Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк және контейнерлік тасымал қорытындысы шығарылған. Биыл жыл соңына дейін тасымалданатын жүк көлемі 26,8 млн тоннаны құрауы тиіс. Соның ішінде экспорт 25 пайыз өсіп, 16,2 млн тоннаны құраса, импорт импорт 6% өсіп, яғни 10,6 млн тоннаға жетеді.
Былтыр Қазақстан мен ҚХР арасындағы жүк тасымалы рекордтық деңгейге жетіп, 23,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 15%-ға артық.
«2024 жылғы қаңтардан бастап қытайлық тарап Алашаңқай станциясы бойынша астық тасығыштарда, жабық вагондарда және контейнерлерде астық жүктерін қабылдауды екі есе арттырады. Қазақстандық тарап өтініші бойынша ҚХР алғаш рет Қорғас станциясы бойынша астық тасығыштар мен жабық вагондарда астық жүктерін қабылдауды бастайды. Сондай-ақ, қазақстандық экспорттаушылардың тілектерін ескере отырып, өсімдік майы, металл кендері (түйіршіктер, концентраттар), мұнай коксы сияқты жүктерді қабылдау ұлғаяды», делінген хабарламада,
Сондай-ақ, тараптар Достық – Мойынты, Алашаңқай – Джинхэ шекара маңы станциялары мен учаскелерінің өткізу қабілетін кеңейту, терминалдарды салу және жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысын талқылаған.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай шекаралық стансаларға жақын теміржол инфрақұрылымын жаңғыртатыны хабарланған.