8,5 мың мерзімді әскери қызметшінің несиелік қарызы 3,2 млрд теңгені құраған. Бұл жайлы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекетті органдарымен бірлесіп, мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мерзімді әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметшілерге кредиттік демалыстар ұсыну бойынша іс-шаралар іске асырылады. Атап айтқанда, 2022-2023 жылдар бойынша 8,5 мың әскери қызметшілерде банктерде және микроқаржылық ұйымдарда 3,2 млрд теңге сомасында 20 300 кредиті бар сарбаз анықталды. Бүгінгі таңда 8800 қарыздары мен микрокредиттер бойынша 5 мыңнан аса әскери қызметкердің 1,4 млрд теңге көлеміндегі төлемдері кейінге қалдырылды», деді Артықов.
Генерал-майордың айтуынша, биыл 1 қыркүйектен 28 желтоқсанға дейін Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатары 18 бен 27 жас аралығында 19 мың сарбазбен толығады. Әскерилердің айтуынша, жыл сайын әскерге шақырылатын контингент саны артып келеді және соңғы жылдары әскерде қызмет етіп, өзінің жұмыс карьерасын осы жолға арнайтындар көбейген.
«Көктемде әскерге шақыру науқаны ережеге сай жүргізілді және ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Әскерде қызмет етудің тартымдылығының артуына байланысты әскерден қашатындар саны азайды. Бізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Соның негізінде біз бәрін қатаң қадғалап отырамыз. Сондай-ақ медициналық комиссия құрамында дәрігерлер мен психологтар бар. Сол мамандардың тексеруінен өткен соң ғана сарбаздарды әскерге аламыз», деді полковник Азамат Дүйсімов.
Ал көктемгі әскерге шақыру науқанында азаматтарды жұмыс орнынан әскерге алып кету жағдайларына қатысты генерал-майор:
«Ондай жағдайлар кездесті. Біздің мақсатымыз – қарулы күштердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету және әскери бөлімдерді тұрақты жауынгерлік әзірлікте ұстау», деді.