Алматыда халықаралық құтқарушылардың қатысуымен жер сілкінісіне дайындықты тексеру мақсатында ауқымды»Жер-2023″ оқу-жаттығуы өткізіледі.
«Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына республикалық азаматтық қорғау қызметтерінен басқа Түркі мемлекеттері ұйымына мүше – Әзірбайжан, Венгрия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің төтенше жағдайлар департаменттерінің авариялық-құтқару қызметтері қатысады», дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Оқу-жаттығу 11-12 қыркүйек күні екі кезеңде өтеді. Алматы қаласында авариялық-құтқару қызметінің бірлескен іс-қимылдарын әзірлеу және үйлестіру жөніндегі республикалық штаб орналасады.
«Сейсмикалық жаттығулар «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – халықты жер сілкінісіне дайындау, оларға жалпы қауіпсіздік мәдениетін үйрету, сондай-ақ азаматтық қорғау күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерге әзірлік деңгейін арттыру», делінген ТЖМ хабарламасында.
Сонымен бірге министрлік халықты дүрбелеңге салынбай, сабыр сақтауға шақырды.
«Баршаның назарына!» сигналын естіген кезде сабыр сақтаңыздар. Тұрғындарға мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет. Ал ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда қауіпсіз жерді паналау қажет. Тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз. Сейсмикалық жаттығулар барысында тұрғындар жойқын жер сілкінісі кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелерімен танысып, қауіпсіз орындарды анықтау, зардап шеккен халықтың қабылдау пункттеріне жиналуы сияқты кейбір іс-әрекеттерді іс жүзінде пысықтайтын болады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сейсмикалық қауіпті өңірлерде жаттығулар сағат 10:00-ден 11:00-ге дейінгі аралықта өтеді.