Жаңалықтар

АҚШ енді Жаңа Huawei смартфондарында орнатылған чиптерді жіті тексеретін болды

Huawei
Фото: Huawei

АҚШ Қытайдың өндірістік қадамдарынан сескеніп,  өнімдеріне қатысты тексерісті күшейткенін хабарланды. Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша АҚШ үкіметі жаңа Huawei Technologies Co смартфонындағы жетілдірілген Қытай чиптерін тексеруді шындап қолға алды.

Жалпы, АҚШ Қытай өндірісін «тұқыртуды» бастағалы біраз болды. Елдегі Сауда министрлігі соңғы екі жылда Huawei мен Қытайдың жартылай өткізгіш өнеркәсібіне қарсы бірқатар шектеу енгізді.

Америкалықтар Mate 60 Pro смартфонында табылған «болжамды» 7 нанометрлік процессорын толық зерделеп, қосымша ақпарат алуды көздейді. Оның басты себебі – чиптің АҚШ-тағы «қара тізімге» енген Semiconductor Manufacturing International корпорациясы тарапынан дайындалуы.

«Біз болжамды 7 нанометрлік процессорының сипаты мен құрамы туралы қосымша ақпарат алу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді АҚШ сауда министрлігінің өкілі.

Агенттіктің жазуынша, ұялы телефондағы тылсым технологияларды вашингтондықтар Бейжіңнің қолына түсіргісі келмейді. Сонымен қатар,  Қытайдың жартылай өткізгіш саласына қарсы енгізілген бұрынғы санкцияларының тиімділігін ашық сөз ете бастады. 

Реті келгенде айта кетейік, Қытайдағы Semiconductor Manufacturing International корпорациясына америкалық технологияларды пайдалана отырып өнім өндіруге тыйым салынған. Дегенмен, американдық санкцияларға қарамастан, Шанхай Чип өндірушісі (Semiconductor Manufacturing International Corp (SMIC) өз технологияларын жетілдірдіргені байқалады. Корпорация соңғы кездері Huawei Technologies үшін 7 нанометрлік кристалдар сериясын өндіруге бет бұрды.

АҚШ-тің ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Джейк Салливан Қытай чиптерін тексеруге қатысты пікір білдіруден басын алып қашып, қосымша мәлімет күтетіндігін жеткізді.

Қытай жағы да шектеу қоюдан тартынып қалмады. Бейжің билігі  мемлекеттік орган қызметкерлеріне жұмыста iPhone және басқа шетелдік бренд құрылғыларын пайдалануға, сондай-ақ оларды кеңсеге әкелуге тыйым салды.

Естеріңізде болса, Қытай чип индустриясын дамытуды жолға қойғанын жазған едік. Өткен аптада қытайлық Huawei күтпеген жерден ең жаңа Mate 60 Pro смартфонын іске қосты. Бұл АҚШ сауда министрі Джина Раймондоның елге сапары кезінде жүзеге асты. Mate 60 Pro өзінің Kirin 9000s чипінде жұмыс істейді және оны Қытайдың жетекші SMIC Чип өндірушісі шығарады.