Бүгінгі таңда жоба бойынша жүріп жатқан жұмыстар 70 пайызға аяқталған. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көлік министрі Марат Қарабаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Шамалған станциясының айналма жолы құрылысының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта жобаның 70%-дан астамы іске асырылған. Жолдың төменгі қабаты бойынша 3 км және жоғарғы қабаттың 2 шақырымы төселген, эстакада мен 2 көпірдің құрылысы аяқталуда. Аталған жол учаскесін 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланған болатын. Осы ретте министр жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
«Бұл учаске Шамалған станциясындағы көлік ағынын төмнендетуге ықпал етіп, кептелісті азайтуға және экологиялық жағдайға оң әсер етеді. Қазіргі таңда көлік қозғалысы ұзындығы 9 км автожолдың ескі учаскесі бойынша жүзеге асырылуда. Мердігерлердің алдына жылдың соңына дейін Шамалған бойынша жол қозғалысын қамтамасыз ету міндеті қойылды», деп атап өтті министрлік басшысы.
Сондай-ақ бүгін Марат Қарабаев «Сарыөзек – Көктал» (45-68 км) автожолының учаскесінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын бағамдап, «Қорғас» құрғақ портының жұмысымен танысты.