Жаңалықтар

Тоқаев Қазақтелекомға байланыс сапасындағы проблемаларды шешуді тапсырды

Мемлекет басшысы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке «Қазақтелеком» компаниялар тобының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған қызметінің негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері туралы есеп берілді.

Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, еліміздің телекоммуникация саласындағы ірі операторының былтырғы осы кезеңмен салыстырғандағы табысы 10 пайызға, ал таза пайдасы 16 пайызға өскенін. 5G желісін құру – «Қазақтелеком» үшін басымдықтардың бірі саналады. Бұл бастама аясында 2027 жылға қарай бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам базалық станция салынуға тиіс. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін бесінші буын желісінің 782 базалық станциясын салу жоспарланып отыр.

Әзербайжанмен бірлескен жоба аясында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық желі салу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында компания 1200-ге жуық ауылды оптикалық технологиялар арқылы интернет желісіне қосуды және республикалық автожолдарды LTE технологиясы бойынша сапалы интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

«Қазақтелекомға» байланыс сапасына қатысты проблемаларды шешу және Қазақстан қалаларындағы кең жолақты интернет желісімен қамтылмаған аймақтардың мәселесін тезірек ретке келтіру міндеті жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлердегі халықтың қала тұрғындары сияқты заманауи цифрлық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізуге тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты компанияға тиісті инфрақұрылым құрылысының қарқынын арттыру тапсырылды.