«Қазақстан темір жолы» директорлар кеңесіне «қызыл аймақтағы» компаниялардың жебеушісі келді

Жарияланды
Фото: sknews.kz

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының директорлар кеңесіне жаңа мүше қосылды. Бұл туралы компания Қазақстан қор биржасына хабарлады. Ұлтық темір жол компаниясының жалғыз акционерінің шешімімен, ҚТЖ директорлар кеңесінің құрамына «Самұрық-Қазына»-дан Айдар Рысқұловтың келгені айтылды.

Айдар Қайратұлы 1981 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды бітірген. Сонымен қатар, Назарбаев университетінде алған МВА магистрі дәрежесі бар. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, АТФ Банк, Банк ЦентрКредит, Халық банкі, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ-да жұмыс істеген.

Рысқұлов кейінгі жылдарда «Самұрық-Қазынаның» қаржылық активтерді басқару жөніндегі директоры, сонымен қатар корпоративтік қаржы департаментінің директоры болды.

28 тамыз күні «Самұрық-Қазына» АҚ Айдар Рысқұловтың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалғанын хабарлаған болатын.

Рысқұлов өзін «қызыл аймаққа» түскен компаниялардың «жебеушісі» есебінде көрсетеді.

Еске салайық,  бұл жайлы басшының өзі «Самұрық-Қазына» ресми сайтында жарияланған сұхбатында серпіле сөйлеген еді.

«Мен осында келгенде, компания «қызыл» аймақта болды, валюталық борышты азайту және өтімділікті тиімді басқару үшін кэш-пулинг тетігін енгізу бойынша бірқатар ауқымды өзгерістер жүргізілді. Жағдайды жақсарту үшін қосымша күш салдық және 2019 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық тұрақтылық бойынша «жасыл» аймаққа шықтық», – дейді Айдар Рысқұлов.

Рысқұлов жолаушылар қызмет көрсету сапасына, техникалық тұрғыдан жабдықталуына, ауысым жиілігі бойынша уақытылы жұмыс істемеуіне қатысты көп уәж айтатын «Қазақстан темір жолын» «Қызыл аймақтан» шығаратынын не шығара алмайтынын уақыт көрсетеді.

Орай келгенде айта кетейік, «Самұрық-Қазынаның» еншілесі «Қазақстан темір жолы»  – көлік-логистикалық холдингі, Қазақстан Республикасы темір жол магистралының операторы, жүктер мен жолаушыларды ұлттық теміржол тасымалдайтын ұлттық компания.

Сондай-ақ оқыңыз