Қос биржаны біріктіруде Қатардың тәжірибесіне сүйенеміз – ҚНРДА
Фото: kursiv.media
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы екі биржа: Қазақстан қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығын біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенуіміз мүмкін дейді.
«Егер AIX туралы айтатын болсақ, бұл жерде Қатар халықаралық қаржы орталығының тәжірибесіне сүйенуге болады: олардың орталық сайты Қатар қор биржасы негізінде құрылған. Біз олардың тәжірибесін және шетелдік менеджерлер үшін де, жергілікті нарық қатысушылары үшін де қай механизм тиімді боларын зерттейміз. Бәріне оңтайлы шешім табамыз деген ойдамын», – деді Әбілқасымова.
Оның айтуынша, KASE жергілікті платформа ретінде қызмет етсе, ал AIX халықаралық инвесторларды тарту үшін құрылған. Әбілқасымова сондай-ақ екі биржаны біріктіру мәселесі KASE акционерлерімен әлі талқыланбағанын, бірақ бұл істе ешқандай қиындық туындамайтынына сенімді екенін атап өтті.
Қатар қаржы орталығы (QFC) 2005 жылы құрылған, елдің 50-ге жуық мемлекеттік және жеке компанияларын біріктіреді. Ұйым өз мүшелеріне «бизнеске қолайлы экожүйе» ұсынып отыр. Орталық сонымен қатар Қатар экономикасының төрт секторы: БАҚ, спорт, цифрландыру және қаржы саласын дамытуға ұмтылады.
Бұл ретте Әбілқасымова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты екі биржа еліміздегі қаржы жүйесі үшін тым артық деген пікірімен келіседі.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE базасында біріктіру керек деп санайды: өйткені мұнда негізгі өтімділік шоғырланған.
«Әрине, реттеушінің AIX-ке қатысты қызметінде кейбір оң аспектілер байқалады, оған қоса ол – жеке платформа. Бұл мүмкіндікті пайдалануға болғанымен, бәрібір қос биржа KASE негізінде бірігуі керек. Өйткені өтімділік әлі де Алматыда жоғары», – деп атап өтті Бахмутова.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздегі екі қор биржасы біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерді. Президенттің айтуынша, олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады.
«Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет»,- деді Президент.
Осы орайда экономист Бауыржан Шурманов қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы қор нарығы әлі де белсенді емес, ол негізінен квазимемлекеттік компаниялардың шығуы бойынша мемлекеттік оқиғаларға байланысты.
Қазақстан қор биржасының құрылғанына биыл – 30 жыл. 1993 жылдың 17 қарашасында шетел валютасының сауда-саттығын ұйымдастыру үшін Қазақстандық банкаралық валюталық биржасы құрылып, бірнеше жылдан кейін оның атауы Қазақстан қор биржасы деп өзгертілген. Құрылған сәттен бастап KASE – Қазақстандағы қор және валюталық нарықтарға қызмет көрсететін, қаржы нарығының ажырамас инфрақұрылымы болып табылатын және отандық экономикада маңызды орын алатын биржа.
Ал AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ – AIX акционері. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді.