Әлихан Смайылов Қашағанда газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа зауыттар құрылысын тездету қажеттігін атап өтті

Жарияланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов North Caspian Operating Company N.V. басқарушы директоры Оливье Лазардың қатысуымен Қашаған консорциумына акционер компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Консорциум қызметіндегі өзекті мәселелер, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және республиканың табиғатты қорғау заңнамасының сақталуы талқыланды.

Үкімет басшысы елімізді мұнай-газ ресурстарымен қамтамасыз етуде Қашағанның рөлі маңызды екенін атап өтті. Бұл тек өндіру операцияларына ғана емес, сонымен бірге көмірсутек шикізатын кешенді өңдеуге де қатысты. Осыған байланысты Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа зауыттардың құрылысын тездету қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, Консорциумның негізгі міндеті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, кен орындарын толық игеру мәселелері болуға тиіс.

«Біз Консорциумның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», — деді Әлихан Смайылов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын барлық мәселелерді ҚР заңнамасында бекітілген құқықтар мен міндеттерді сақтай отырып, сындарлы жолмен шешуге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесуге «ЭксонМобил Қазақстан» басқарушы директоры Сесиль Ролин, «CNPC Қазақстан Б.В.» бас директоры Сяндун Чжу, Қазақстандағы «Шелл» концернінің аға вице-президенті және басшысы Херман Бурмайстер, «TotalEnergies Қазақстан» бас директоры Фруде Юнес, «Аджип Каспиан Си б.в.» басқарушы директоры Маттео Тиси, Қазақстандағы «ИНПЕКС Норт Каспиан Си лтд» филиалының директоры Хироши Икеда және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылары қатысты.

Еске сала кетейік, Қазақстан мұнай өндіру бойынша тамыз айында ОПЕК+ квотасын орындай алмады.

 Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз жолдауында Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс деп мәлімдеген.

«Қазтрансойл» баспасөз қызметінің таратқан ақпаратқа сүйенсек, Каспий теңізі арқылы Баку портына мұнай жеткізуді 12 есеге арттырды.

Сондай-ақ оқыңыз