Ұлттық валюта құлдырай бастады: себебі неде, сарапшылар болжамы қандай?

Жарияланды

8 қыркүйекте Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың орташа сараланған бағамы 464,48 теңгені құрады. Бір ай бұрын бағам 450 теңгеден аспағанын ескерсек, айлық динамикада ұлттық валютамыз құлдырай бастады.

Бұл тұста төл валютасы құбылған ел тек Қазақстан емес.

Доллар еуро мен фунтқа қатысты арзандауда

АҚШ доллары еуро мен фунтқа қатысты құлдырап жатыр. Инвесторлар Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ) басшылығының бірқатар мүшелерінің қызметін бағалауда.

Доллардың алты негізгі әлемдік валютаға қатысты динамикасын көрсететін ICE индексі сауда кезінде 0,24%-ға құлдырады.

Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің (FRB) президенті Джон Уильямс АҚШ-тағы инфляцияны төмендету бойынша атқарылған жұмыстарға қанағаттанатынын мәлімдеді және ФРЖ келіп түсетін статистикалық деректерді бақылауды жалғастыратынын, негізгі пайыздық мөлшерлемені өзгерту немесе ұстап тұру туралы шешімді осы мәліметтер негізінде қабылдайтынын атап өтті.

ФРЖ-нің келесі отырысы 19-20 қыркүйекте өтеді. Нарық қатысушылары мен экономистердің көпшілігі орталық банктің мөлшерлемені өзгертпейтініне сенімді.

Еуро/доллар жұбы қазір $1,0725 деңгейінде саудаланып жатыр және алдыңғы сессияның жабылуындағы $1,0697-мен салыстырғанда шамамен 0,3% өсті.

Фунттың долларға шаққандағы бағамы да 0,3%-ға қымбаттап, 1,2506 доллардан сатылуда. Доллардың иенге қатысты бағамы соңғы сессиядағы 147,30 иенге қарсы 147,11 иенді құрады.

Юань бағамы 16 жылдағы минимумға дейін төмендеді

Юаньның АҚШ долларына шаққандағы бағамы 2007 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жетті.

Юаньға қысым Қытай экономикасы туралы әлсіз жағымсыз деректермен, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыспен байланысты, деп жазады Financial Times газеті.

Қытай валютасының бағамы 1 долларға шаққанда 7,3276 юань болды. Аукцион барысында доллар бағамы 7,3284 юань/1 долларға дейін көтерілді.

2023 жылдың басынан бері Қытайдың ұлттық валютасы долларға қатысты шамамен 6%-ға арзандады.

7 қыркүйек күні жарияланған статистикалық деректер Қытай экспорты мен импортының төмендеуін, сондай-ақ сыртқы сауда профицитінің азайғанын көрсетті.

Қытай экспортының көлемі тамызда жылдық мәнде 8,8%-ға, импорт – 7,3%-ға төмендеді, делінген Қытайдың бас кеден басқармасының хабарламасында. Қытайдың сауда балансының оң сальдосы өткен айда 2022 жылдың тамызындағы 78,65 миллиард доллардан 68,36 миллиард долларға және осы жылдың шілдесінде 80,6 миллиард долларға дейін төмендеді.

Дүние жүзіндегі ең үлкен Қытайдың валюта қоры тамызда бір ай бұрынғы 3,204 триллион доллардан 3,16 трлн долларға дейін төмендеді, деп бейсенбі күні Қытай Халық банкі хабарлады.

Ресей рублінің құлдырауы жалғасуда

Апта ішінде рубль долларға шаққанда 2,2%-ға әлсіреді. Бұл теріс динамика әлі де жалғастыруда. Экономист Бауыржан Шурманов Ресей Федерациясының Орталық банкі валюта бағамының одан әрі құлдырауына жол бермеу үшін валюталық интервенциялар жасай бастағанын айтады.

«Олар ақшаларын осы бағатта жұмсағанда ғана, айырбас бағамы тұрақты болады. Бірақ экономикалық себептердің бәрі рубльдің долларға қарағанда одан да төмен болуы керектігін айғақтап отыр. Теңге рубльдің позициясын жоғалтуы аясында соған қарай «бой түзеуде». Бұған доллар индексі әсер еткен жоқ», – дейді сарапшы.

Теңгеге қандай факторлар ықпал етті?

Экономист төл валютамызға ықпал еткен жағдайларды атады.

«Теңге бұрынғысынша екі факторға тәуелді: ол мұнай бағасы мен рубль бағамы. Мұнай қазір жақсы бағамен саудалануда, бірақ айырбас бағамын түсіргені үкіметке тиімді – мұны да ұмытпау керек. Шығындар теңгемен өсіп жатыр, теңгені диверсификациясыз арттыруға мүмкіндік болса, онда олар мүмкіндікті пайдаланады», – деп есептейді маман.

Бұл ретте сарапшы теңгеге Қытай юанінің бағамы еш әсер етпегенін атап өтті.

Танымал экономист Эльдар Шамсутдинов теңгенің құбылуын екі фактормен байланыстырды.

«Бұл Ұлттық банк басшысының ауысуы мен мөлшерлеменің төмендеуін күту бойынша кішігірім «сілкініс». Егер инфляция әлі бәсеңдемеген кезде базалық мөлшерлеме күрт төмендетілсе, онда валютамыз құнсызданады», – дейді маман.

Оның айтуынша, мұндай кезде нарыққа реттеуші араласуы керек болады.

«Егер Ұлттық банк саяси амбицияның құралы болмай, бағам бойынша шешімдер мұқият қабылданса, мұнай бағасының болжамын (барреліне 100 доллар) ескере отырып, бағам 450 теңге көрсеткішіне қайта оралуы мүмкін», – деп түйіндеді Эльдар Шамсутдинов.

Сондай-ақ оқыңыз