Бизнеске несие беру: банктердің бәрін ортақ талапқа икемдейтін заң қабылдана ма?

Жарияланды

Банк біржақты тәртіппен сыйақы ставкасын көтере алатын құқықты өзіне қалдырып жатады

Биыл маусым айында бизнеске несие беру көрсеткіші наурыз айымен салыстырғанда 9,2 пайыздан 13,4 пайызға дейін өсіпті. Бизнесті несиелеудегі тәуір динамика құрылыс пен байланыстан өзге салалардың бәрінде байқалған. Несиенің басым бөлігіне ие болған өнеркәсіп және сауда салалары 14,9 пайыз және 19,7 пайыз өсім көрсетті. Бірқатар сарапшылар осыған дейін жоғары базалық ставка (16,75 пайыз) бизнесті несиелеуге кедергі келтіріп отыр, сондықтан Ұлттық банк тез арада жұмсақ ақша-несие саясатына көшуі тиіс деп пікір айтып жүрген еді. Алайда қатаң монетарлық саясат жағдайында да бизнестің тәбеті қайтпағанын жоғарыдағы цифрлардан көре аламыз. Соған қарамастан еліміздегі бизнесті қаржыландыру жайы әлі де көңіл толарлық дәрежеде емес. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кеңінен тоқталды.

«Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн. Жалпы, нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет», деді Мемлекет басшысы.

Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың айтуынша, Президенттің осы сөзіне қарап Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лайықты деңгейде жұмыс істей алмай отырғанын аңғаруға болады.

«Бизнеске берілетін кредитті қысқартып, оның есесіне тұтынушылық портфелді кеңейтіп жібергені туралы «Ақ жол» партиясы бұрыннан айтып келеді. Жолдауда берілген тапсырмалар мемлекеттің экономикалық саясатын өзгертуді және банктік мүдделер үшін көп жылғы лоббиден бас тартуды білдіреді деп есептейміз. Осындай қолдаудың дәлелі ретінде кәсіпкерлердің коммерциялық банктердің қызметіндегі заңсыз мүдделеріне нұқсан келтіру фактілері бойынша «Ақ жол» партиясына жүгінулері жалғасып жатыр», дейді депутат.

Ол атап өткен тағы бір өзекті мәселе – келісімшартқа негіздей отыра банктің өз тарапына қарай басым құқықтарды иеленуі.

«Келісімшарт бойынша банк біржақты тәртіппен сыйақы ставкасын көтере алатын құқықты өзіне қалдырып жатады. Осы және өзге де шарттардың нәтижесінде екінші деңгейлі банк займы шағын және орта бизнес субъектілерін тығырыққа тіреп, өздері үшін тиімсіз шарттармен несие рәсімдеуге мәжбүрлейді. Қазіргідей жоғары базалық ставка жағдайында 20 пайыздан басталатын банк несиесінің пайызын төлеп отыру өте қиын. Банктердің тарапынан орын алып отырған мұндай бассыздықтың басты себебі – тараптардың міндеттемелерінің толық тізбесі мен олардың рұқсат етілген параметрлерін қамтитын бірыңғай стандартты банктік қарыз шартының болмауында. Мұндай құжат енгізу туралы біздің ұсыныстарымызға қаржы қадағалаушысы әркез мән бермей келді», дейді.

Осылайша, мәжіліс депутаттары мынадай шаралар ұйымдастыруды ұсынады:

  • Екінші деңгейдегі банктер іске асыратын ШОБ субъектілерін қолдау бағдарламаларына бағдарламалар мен құқықтық нормаларды сақтау тұрғысынан талдау жүргізу;
  • ШОБ кредиттік желілері үшін тараптардың міндеттемелерін кеңейту құқығынсыз нақты көрсететін бірыңғай стандартты банктік қарыз шартын әзірлеу және бекіту;
  • Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемесін төмендету;
  • Банктерді ШОБ қаржыландыруға несие сомасының кемінде 30 пайызын бөлуге міндеттеу.

Risk Takers сарапшылары депутат ұсынысына орай былай пікір білдіреді.

«Бірінші ұсынысы ШОБ Субъектілерін қолдау бағдарламаларына талдау жасауға байланысты. Бұл жерде Үкімет барлығы заң аясында орындалып жатқанын айтып, қандай да бір қосымша айыппұл, не тексеріс жүргізуді қажет деп таппайды. Ал банк займдарының бірыңғай келсімшартын әзірлеу мемлекет рөлін күшейтетін болады. Ондай жағдайда экономиканың барлық салалары мен секторлары үшін сондай типтік келісімшарттар әзірлеуге тура келмек. Үшіншіден, депутат базалық ставканы төмендету керек дейді. Ставканы онсыз да бірте-бірте төмендету ұстанымы бар. Сонымен қатар ол екінші деңгейлі банктер портфелінің 30 пайызын ШОБ-қа бағыттауы тиіс дейді. ШОБ – тәуекелі жоғары сегмент. Дефолт жағайында қаржы секторында проблемалар қаптап кетуі ықтимал. Мұндай бастамалардың жүзеге асуы банктер дефолтының жаңа кезеңіне ұласпақ. Ақырында, дефолтқа ұшыраған банктерді құтқаруға мәжбүр боламыз», дейді сарапшылар.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова болса ең бірінші кезекте корпоративті қарыз берушілер тарапынан кепіл базасы үшін мүмкіндіктер жақсартылуы тиіс дейді. Сонымен қатар ол экономиканы несиелеу үшін қысқа мерзімді ресурстарды пайдалану керек деп есептейді.

«Мысалы, депозиттер мен корпоративті клиенттер шотындағы қалдық қаражат. Кейбір өтімділік стандарттары қазір бұған жол бермейді, өйткені олар үшін кейінге қалдыру бар, бірақ ол 2024 жылдың 1 қаңтарында аяқталады. Банктер, негізінен, бұл ақшаны тіпті бір жылға дейінгі мерзімге де пайдалана алмайды, өйткені 1 қаңтардан бастап олар осындай міндеттемелерге қарсы ақша ұстауға міндетті болады. Осы ретте не нормативтік талаптарды ұзарту керек, не ағымдағы жағдайды басқа шаралармен шешу қажет. Бұған қатысты банктерде тиісті ұсыныс бар», дейді Елена Бахмутова.

Ол айтқан үшінші ұсыныс – екінші деңгейлі банктер тарапынан ұзақ мерзімді қорландыруға қолжетімділік беру. Бұл ретте олар банктердің жеті жыл мерзімге дейін шығарған зейнетақы активтерінің облигацияларға орналастырылғанын мысалға келтіреді. Алынған қаражат кәсіпкерлерге несие беру үшін пайдаланылған еді. Осыған орай бәлкім, қандай да бір ставкамен субсидиялау жасаған жөн шығар деген ой айтады.

«Біз мұны Ұлттық банктің жаңа төрағасымен бірге талқылаймыз деп ойлаймын. Төртінші шара – компанияның ақша қаражатының қозғалысы және салық ақпараты туралы ақпаратқа қолжетімділікті арттыру арқылы ШОБ субъектілерінің несиеге қолжетімділігін кеңейту. Ол үшін қазір бар базаларды іске қосу керек. Соның бірі – фискалды органдарыкі. Мысалы, осы ұйымдар жасайтын келісімдер туралы ақпарат бар. Сол кезде олар туралы ақпарат көптеп пайда болады, сәйкесінше олардың несие қабілеттілігі жоғарылайды және банктер ондай клиенттерге кредит беруге дайын болады», дейді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз