Австралиядағы Chevron зауыттарында жағдай күрделеніп барады
Chevron әкімшілігіне қарсы қозғалыс күшейіп келеді. Сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндіретін Австралиядағы Chevron зауытының жұмысшылары 14 қыркүйектен бастап екі апта көлемінде ауқымды наразылық шарасын өткізуді жоспарлап отыр.
Қазірдің өзінде Chevron әкімшілігі ереуілге шыққан австралиялық Горгон мен Уитстоун кәсіпорындарындағы мердігерлік ұйымдардың 50 қызметкерін эвакуациялады. Бұл жайлы Австралияның Offshore кәсіподақ альянсы мәлімдеді.
«Шеврон өзінің техникалық қызмет көрсету бағдарламасын тоқтатты. <…> Кейін 50 қызметкерді эвакуациялау үшін арнайы рейс ұйымдастырды», – деді Offshore.
Екі тараптың да ұстанымдары қайшылыққа толы. Олар қосымша жалақы төлеу, жұмыс уақыты, қызмет қауіпсіздігі мен Chevron кәсіпорындары арасындағы аударымдарға қатысты ережелер бойынша келісімге келе алмай отыр.
Chevron өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында:
«Кәсіпорындарымызда ақаулар бола қалған жағдайда қауіпсіз жұмыс істеу жағын толық қамтамасыз етеміз. Бұған қатысты қажетті шараларды қабылдауды жалғастырамыз», – деді.
Австралиядағы сұйытылған газ өндіретін Chevron жұмысшылары жұма күні ереуілге шықты. Бұған себеп – қос тарап арасындағы келісімдердің бұзылуы, әкімшілікпен төлем және еңбек жағдайлары туралы сәтсіз жүрген келіссөздер болды. Егер жағдай күрделене түсетін болса, әлемге 5%-дан табиғи өнім жеткізіп отырған кәсіпорын өндірісінің тоқырауы мүмкін.
Offshore кәсіподақ альянсы да мұны компанияның есіне салып:
«Шевронмен ұзақ уақытқа созылар дауға біз дайынбыз. Бұл жерде компания басшылығы миллиардтаған доллар экспорттық кірістен қол үзіп қалатынын түйсінуі керек», – деп атап өтті.
Қазіргі уақытта кәсіпорын қызметкерлерінің орташа жалақысы жылына 240 мың австралиялық долларға ($153 мың) тек, ал кәсіподақ оны жылына 300 мың австралиялық долларға ($191 мың) дейін арттыруды талап етіп отыр.
Нақтылай өтейік, Австралия әлемдегі ең ірі сұйытылған табиғи газ экспорттаушы ел, оның негізгі сатып алушылары Азия құрлығы елдері.
Chevron-ға тиесілі Горгон мен Уитстоун зауыттарындағы айықпас дау Ұлыбритания мен Еуропадағы газ бағасына өз салқынын тигізуі мүмкін. Өйткені, трейдерлер Австралия өндірісінің төмендеуі басқа өндірушілердің «бағын жағады» деп санайды.
Лондон ICE биржасы бұған қатысты дерек ұсынды. Мәліметтер бойынша, жұма күнгі басталған ереуілдерден кейін Еуропадағы газдың бағасы да 8,4%-ға өскен.
«Шеврон» компаниясы 1993 жылы Қазақстан нарығына да енді. Алғашқы энергетикалық әрі шетелдік компания ретінде «Теңізшевройл» ЖШС құрды. Қазіргі уақытта «Шеврон» Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі саналады. Атап айтқанда, Қарашығанақ жобасында ірі үлескер, Каспий құбыр консорциумындағы ірі жеке акционер. Сонымен қатар, компания Атырау қаласындағы полиэтилен құбырлар зауытын басқарады.
Компанияның хабарлауынша, «Шеврон» өндіріске қажетті түрлі ресурстарды әзірлеу, мыңдаған жұмыс орнын құру, жергілікті тауарлар мен қызметтерді пайдалану және қазақстандық қызметкерлердің әлеуетін дамыту арқылы Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосуды көздейді.