Дамушы нарық валютасы әртүрлі динамика көрсетті
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 8 қыркүйекте теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 2,2%-ға (456,39 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары 466,29 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
1-8 қыркүйек аралығында әлемнің қаржы нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ еңбек нарығының деректеріне сәйкес, жұмыссыздық бойынша әуелгі өтінімдер 216 мыңға дейін 13 мыңға төмендеп, ақпаннан бері ең төменгі деңгейге жетті. Талдаушылардың пікірінше, еңбек нарығы баяулады, қарқыны да төмен. Бұл рецессия тәуекелінің төмендеуін көрсетуі мүмкін. Тамызда іскерлік белсенділік индексі шілдедегі 50,4-тен 50,2-ге дейін түсті. АҚШ-тың сауда тапшылығы алдыңғы айдағы 63,7 миллиардтан – 65 миллиард долларға дейін өсті. Бұл – болжанғаннан аз.
Қытайдың іскерлік белсенділік индексі шілдедегі 51,9-дан тамызда 51,7-ге дейін, ал қызмет көрсету секторында 54,1-ден 51,8-ге дейін төмендеді. Сауда балансының профициті 80,6 миллиард АҚШ долларынан 68,36 миллиард долларға дейін азайды. Ал талдаушылар 73,9 миллиард доллар болады деп күткен еді.
Жоғарыда аталған факторлар АҚШ долларына қатысты дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі динамикасын көрсетті және ол төмендегідей қалыптасты:
- үнді рупиясы 0,3%-ға (82,72-ден 82,95-ке дейін) әлсіреді. Оған АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді одан әрі көтеруі бойынша алаңдаушылық себеп болды;
- түрік лирасы инфляция бойынша деректер жарияланғандықтан, 0,4%-ға (26,73-тен 26,85-ке дейін) әлсіреді. Биылғы тамыздағы жағдай бойынша, жылдық инфляция күтілген 55,90%-ға қарсы 58,94%-ды (YoY) құрады.
- Индонезия рупиясы 0,6%-ға (15242-ден 15328-ге дейін) әлсіреді. Оған да АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді одан әрі көтеруі мен Қытайдың экономикалық өсуіне қатысты алаңдаушылық көңіл-күй себеп болды;
- Бразилия реалы өнеркәсіптік өндіріс индексін төмендету бойынша деректерді жариялау аясында 0,8%-ға (4,95-тен 4,99-ға дейін) әлсіреді;
- Оңтүстік Африка ранды (-)160,7 млрд ранд деңгейінде қалыптасқан ағымдағы шоттың деректерін жариялау аясында 1,5%-ға (18,84-тен 19,13-ке дейін) әлсіреді;
- Ресей рублі инфляция бойынша деректерді жариялау аясында 1,8%-ға (96,09-дан 97,78-ге дейін) әлсіреді;
- Мексика песосы валютаның құбылмалылығын төмендетуге бағытталған Мексика Биржа комиссиясының алты жылдық хеджирлеу бағдарламасын қысқарту туралы шешімі аясында 2,9%-ға (17,09-дан 17,59-ға дейін) әлсіреді.