Dropshipping: қолда жоқ тауарды сатып табыс табу тәсілі
Фото: shutterstock.com
«Салымсыз-ақ бизнес бастап кете аласың» деген сыңайдағы видеоларды Instagram, TikTok желілерінен жиі кездестіруге болады. Қолда жоқ тауарды сатып, сол арқылы табыс табу жолын үйрететінін айтатын сарапшы да жоғарыдағы платформада жетіп артылады. Біреуге алаяқтық боп көрінсе, енді бірі толығырақ білуге ұмтылады. Мұндай жүйенің бары рас па? Бірден айтайық: рас. Ол Dropshipping деп аталады. Әлемдік сауда схемасының негізгі жұмыс принципі мен қазақстандық кәсіпкерлердің әдісінде аздаған ғана айырмашылық бар.
Дропшиппиң деген не?
Әдетте тауар сатып, бизнес бастау үшін бастапқы капитал керек. Қаражат жинап алған соң, оған тауар алып қоясыз да, қоймаға не үйіңізге орналастырасыз. Сөйтіп интернет-дүкен ашып, әрмен қарай клиенттерге жібересіз. Бүгінде бизнес жүргізудің жеңілдегені сонша айтарлықтай көп сома шығындамай-ақ, жеке қойма жалдамай-ақ сата беруге мүмкіндік бар. Біз айтып отырған дропшиппиң схемасы осылай іске асады. Яғни сатушы клиенттерден тапсырыс қабылдап қана отырады. Ал жеткізуші болса, қоймасында тауарды сақтап қана қоймай, сатып алғандарға жеткізумен айналысады. Мұндай модельдің ыңғайлы тұсы сол — бар ақшаны бір партияға салып тастап, келесісін алдыру үшін алдыңғысының сатылғанын күтіп отырмайсыз. Көбіне кәсіпті енді бастап жатқандар, айналымға көлемді қаражат сала алмайтындар осы үлгіні қолданып, бизнеске кіреді. Сонымен бірге тауарды қоймада сақтау, оны жіберумен бас қатырғысы келмейтіндерге де ыңғайлы схема. Бұл сауда моделінде бірнеше адам қоян-қолтық жұмыс істейді. Тұтынушы — өзіне тауар сатып алып отырған адам, дропшиппер — тұтынушымен байланыс орнатып, сататын адам және жеткізуші — көтерме саудамен айналысатын компания не импортшы, тауарды клиентке жеткізумен айналысады.
Схема үлгісі
Дропшиппер интернет-дүкеніне тауарларды салып қояды. Ол тауар қолында жоқ. Бірақ клиент табылған кезде қайдан алатынын біледі, жеткізушімен келіскен. Клиент интернет-дүкеннен өзіне керек тауарды таңдайды, тапсырыс береді. Дропшиппер төлем қабылдайды да, комиссиясын ұстап, қалған шаруаны жеткізушіге табыстайды. Ал көтерме саудамен айналысатын жеткізуші болса, түпкі клиентке тауарды жеткізіп береді. Әлемдік дропшиппиң схемасы осылай іске асады. Енді бір схемада ақшаны жеткізуші қабылдап, тапсырыстың пайызын дропшипперге аударады. Тапсырысты қабылдау процесі де әр түрлі: бірі автомат түрде маркетплейс арқылы жүретіндей етеді, енді бірі қолдан қабылдайды. Мысалы әлеуметтік желідегі парақша арқылы рәсімдейтін болса.
Дропшиппиң түрлері
Кәдімгі алып-сату. Бұл бизнес-модельді таңдағандар бір сауда алаңында бірнеше жеткізушінің тауарларын сатады. Әлдебір саладан хабары бар, нишаны жақсы білетіндерге айналысуға ыңғайлы. Айталық, сізде медициналық бэкграунд бар. Дәрумендер, биологиялық белсенді қоспалар жайлы жақсы білесіз. Олай болса, осы бағытты таңдап, интернет-дүкен ашып, әлеуметтік желіде блог жүргізіп, сатсаңыз болады.
Офлайн-бизнестің интернет-өкілдігі. Кейде өте жақсы өндірушілер интернетте өзі туралы ақпарат беруге, онлайн тапсырыстармен айналысуға мән бермей жатады. Мұндайды байқаған дропшипперлер бұл сәтті жіберіп алмауға тырысады. Компаниямен серіктесе жұмыс істеп, сол арқылы екі жаққа да табысты болатындай әдісті қолдануға болады. Бір жақсысы, бұл жағдайда дропшиппердің ассортименді эксклюзив болғандықтан, бәсекелес болмайды. Бұл схеманы ұйымдастыру сәл қиындау. Өйткені компания табу, онымен келісу біраз уақыт алуы мүмкін. Онлайн салмағандықтан, сурет/видеосы да бола бермейді. Оған да уақыт бөліп, түсіру керек. Осының бәрін басынан істеп, реттеуге дайын болғандарға айналысып көруге болады.
Халықаралық дропшиппиң. Мұнда схема дәл бұрынғыдай, тек айырмашылығы — шетелден алдырасыз. Қазақстандықтар көбіне Қытай, Түркиядан тауар алдырады. Кейінгі кездері Еуропа, Америкамен де жұмыс істейтіндер көбейіп келеді.
Дропшиппиң: жеткізуші тарап тұрғысынан
Дропшипперлер тауар бағасынан өз пайызын ұстап отыратын, екі арадағы делдал ғана емес. Өндірушілер мен импортшылар үшін олармен жұмыс істеудің әжептәуір артықшылығы бар. Өйткені клиент іздеп, жарнама беріп, қаражат жұмсап жүрмейді. Айталық, косметика жасаумен айналысатын өндіруші бар. Ол тауарларын интернет арқылы сатып, жеткізумен айналысқысы келеді делік. Бірақ ол үшін сайт істеп, іздеу жүйелерінде бірінші шығатындай баптап, жарнамасына ақша салу қажет. Әлеуметтік желілерде парақша ашып, оны жүргізуді қосыңыз. Мұның бәріне салым, уақыт, команда қажет. Ал егер дропшиппер болса, осының бәрін өз есебінен істегендіктен, өндіруші оған бас қатырмайды. Бәсеке қызып тұрған нишада брендті таныту қиындау екені белгілі. Себебі соған ұқсас тауар сататындардың жарнамасы бар. Барлық жерден бірнеше парақша ашып, сала берейін десеңіз, қымбатқа түседі. Одан қала берді кей платформалар мұны спам деп санап, бұғаттап тастауы мүмкін. Енді дропшиппермен жұмыс істеген кезде олардың әрқайсысы өз сайтын, профайлын ашып, жарнамасын жасай береді. Бір жеткізушінің тауар бірнеше алаңда сатылады. Мұндайда ешқандай ереже бұзу да жоқ. Себебі сатып жатқан компания бөлек. Өндірушілер үшін дропшиппиңнің басты бір кемшілігі — ұсынатын минимум бағаны ұстап тұру. Олай болмаса, дропшипперлер желісінде демпиң болуы әбден мүмкін.
Сатушы тұрғысынан да алып көрелік
Сатушы ретінде дропшиппиңнен кәсібін бастағанның артықшылығы көп. Ең бастысы — бастапқы салымның қажеті емесі. Тауар сатып алып, қойманы жалға алып, логистика мен командаға ақша шығындамайсыз. «Өтпей тұрып қалды, ақша бекер кетті» деген уайым жоқ. Классикалық үлгі бойынша, тауар сұранысын шамамен болжап, алдырады. Ал мұнда ондай болмайды. Егер сұраныс болмаса, бар болғаны жарнамасына кеткен шығын ғана минус болады. Тауардың өзін сіз сатып алмағандықтан, өтпей қалды деп «қайғырмайсыз». Жаңа өнімдерді сынап көруге таптырмас мүмкіндік. Жеткізуші табасыз, сайтқа тауарды қоясыз, жарнама бересіз — әрмен қарай клиент алғанынша алады. Бизнесті қашықтан басқаруға болады. Өйткені барлық процесс онлайн өтеді. Қойма болмағандықтан, офлайн-процестерді басқарудың қажеті жоқ. Енді кемшіліктеріне келсек. Тауар қолда болмағандықтан, маркетиң мен жарнамасын жасауда қиындық тууы мүмкін. Дропшипперде өнім жоқ, сондықтан оны суретке не видеоға түсіріп, жарнамалай алмайды. Әрине, өзі үшін бір данадан алдырып, жарнамасын жасайтындар да бар. Бірақ минустарының ішінде осы тұсы барын атап өтпесе болмас. Көбіне «барымен — базар» деп жеткізуші берген ақпаратқа місе тұтуға тура келеді. Бәсекелес өте көп. Дәл сіздікіндей тауарды сататын да, шарттарын да ұқсас қылып қоятын да сатушы аз емес. Тауарды өткізу үшін интернет-маркетиңді жақсы білген абзал. Сонда көптің ішінен сізден сатып алуға ұмтылатындар көбейеді. Беделіңізге нұқсан келу қаупі жоғары. Себебі жеткізуші тауарды шатастырып салып жіберуі мүмкін. Болмаса, дұрыс қаптамай, сапасыз тауарды салатындар да болады. Ал сатушы сіз болғандықтан, бүкіл негатив сізге, сіздің компанияға келеді.
Қазақстандағы ТОП нишалар
Денсаулық. Коронавирустан бері жұртшылық денсаулығына жақсырақ қарайтын болды. Әсіресе, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендерге сұраныс жоғары. Иммунитетті көтеретін, әйел және ер денсаулығына жағымды әсер беретіндерін алатындар көбейді. Одан қала берді ауа тазартқыш, ылғалдандырғыш да топ тауарлар қатарында. Қаланың үйіне өте керек. Су ішетін бөтелкелер. Дүкендегі пластик ыдыстағы суды емес, үйден таза суды құйып алып шығатын әдет те қалыптасып келеді. Өйткені экологиялық сауат артып келеді. Бұл бір жағы қалтаны қақпайтын, жақсы үнем әдісі.
Фэшн-индустрия. Электрон сауданың басты бағыттарының бірі. Киім-кешек қашан да өтімді. Спорттық киімдер, джинса шалбар, орамалдарды көп алады. Әлбетте, бұл нишада бәсеке жоғары.
Асүйге арналған тауарлар. Бұл санаттағы ең өтімді тауарлар мынадай екен: портатив блендерлер. Оның жарнамасы жер жарса керек, көпшілігі қызығып, тапсырыс беріп жатыр. Әрине, өте ыңғайлы әрі салмағы да жеп-жеңіл. Шырын, смузи, коктейль жасауға болады. Өзіңізбен сыртқа ала кетуге болатындықтан, бірден бірнеше қажетті жабады деп сұраныс артса керек. Асүйге арналған органайзерлер де топ тауарлар қатарында. Стеллаж, сөрелерге арналған органайзерлер — әр сәнді, әрі аса қажет заттар.
Балаларға арналған заттар. Бірінші кезекте — ойыншықтар. Қай заманда да өтімді тауар. Одан қала берді эрго-рюкзактар, радиокүтушілер, баланы тербетуге арналған электрон бесіктерге де сұраныс көп.