Жаңалықтар

Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын: Тоқаев Ұлттық құраманы жеңісімен құттықтады

Фото: Ақорда

10 қыркүйек күні Евро-2024 ойындарына іріктеу барысында Астанада футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Солтүстік Ирландиямен ойнады. Матчтың 27-інші минутында қазақстандық Максим Самородов қарсыластар қақпасына шол соғып, ойын жеңіспен аяқталды.

Қазақстан құрамасының ойынын Қасым-Жомарт Тоқаев пен белгілі боксшы Геннадий Головкин тамашалаған еді.

Жеңіспен аяқталған ойын соңында Президент Ұлттық құраманың мүшелерімен кездесіп, құттықтады. Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Президенттің қолдауына алғыс айтып, команда атынан доп сыйлаған болатын.

Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram желісіндегі парақшасына жеңісі туралы жылы лебізін білдірді.

» Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйерлері үшін қуаныштымын«, деп жазды.

Сонымен қатар, жазбасында Президент матчтан кейін еріктілер мен кейбір жанкүйерлердің стадиондағы қоқыс қалдықтарын тазартқанына да, назар аударыпты.

«Әсіресе «Астана жастары» мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.