Қазақстан түрік компаниялары мен кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуге дайын – Мұрат Нұртілеу

Жарияланды

Фото: СІМ

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2023 жылы қарашада Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне қатысады. Бұл туралы Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Астанадағы кездесуінде хабарланды.

«Биыл 3 қарашаға жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаның сапарын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізуге күш жұмылдыруға уағдаластық», – деді Мұрат Нұртілеу.

Келіссөз барысында Түркияның Сыртқы істер министрі лаңкестік ұйыммен күрес туралы айтты.

«Бүгін ортақ қас дұшпанымыз ФЕТӨ лаңкестік ұйымымен күрес барысында жасалуы керек қадамдарды талқыладық. Бұл қаскөй ұйымды өте жақсы білеміз. Олар Түркияда және басқа елдерде мемлекетті шайқалту үшін не істегендерін, қандай әдістерді қолданғандарын және кімдерге «мердігер» болып жүргенін де білеміз. Бұл опасыз ұйымға қарсы бәріміз бірге қырағы болуымыз керек. Бұл тұрғыда біз барлық қажет қолдауды көрсетуге дайынбыз», – деді Хакан Фидан.

Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан Ауғанстандағы жағдайдан Украинадағы соғысқа дейін Түркия мен Қазақстанның келісетін мәселесі көп екенін айтты.

«Әрине, геосаяси динамика жылдам өзгеріп жатыр. Осы кезеңде Түркия – Қазақстан ынтымақтастығының маңызы күн санап, артып келеді. Біздің саясаткер ретінде басты міндетіміз әріптестікті одан әрі тереңдету. Бауырлыстық байланысқа негізделген өзара сенім мен түсіністіктен қуат ала отырып, қарыс-қатынасымызды тиісті деңгейде жеткізуіміз керек. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркияға ресми сапармен келіп, президентіміз Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Сапар аясында қос мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынасымызды кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде көтеру туралы шешім қабылдады. Бүгін қадірлі бауырым Мұрат Нұртілеумен (премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі) бірге ынтымақтастығымыздың барлық аспектісін талқылау мүмкіндігіне ие болдық. Кездесуіміз әрбір салада тереңдеп келе жатыр. Қос ел арасындағы сауда айналымы 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 60%-ға өсті. Биыл да бұл көрсеткіш өсу қарқынын жалғастырып жатыр», – деді Хакан Фидан.

Айтунша, Қазақстан мен Түркия президенттері белгілеген екі жақты сауда айналымы 10 млрд долларға жеткізу мақсатын қойған. Жалпы сомасы 5 млрд доллардан асатын инвестиция арқылы Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторының бірі.

«Біз де қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтықмақтағымызды нығайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Азия мен Еуразия арасындағы сауда-саттық пен экономикалық интеграцияны жеңілдетуші рөлге иеміз», – деді Түркияның сыртқы істер министрі.

Ал Мұрат Нұртілеу Түркияның Қазақстанның Еуразия құрлығындағы маңызды әрі ең сенімді серіктестерінің бірі екенін айтты.

«Ажырамас достығымыздың тағы бір айқын дәлелі – биік деңгейде орнатылған сындарлы диалог. 2022 жылы өткен Қазақстан президентінің Түркияға және Түркия президентінің Қазақстанға өзара мемлекеттік сапарлары екіжақтық қарым-қатынастарға үлкен серпін бергені сөзсіз. Осы тұрғыда, өткен жылы қабылданған кеңейтілген Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені атап өткеніміз жөн. Бұл құжат – екіжақты қатынас қана емес, бауырлас халықтарымыздың болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарасын бір арнаға салды деуге болады», – деді Қазақстанның сыртқы істер министрі.

Сондай-ақ министр Түркия Республикасының 100 жылдығымен құттықтады.

«Анкараның әлемдегі беделі мен рөлі жылдан-жылға артып келеді. Түркия жаһандық дағдарысты және аймақтағы шиеленіс мәселелерді шешу ісінде ерекше белсенділік танытып келеді. Біз Түрік елінің экономика, технология, білім беру, сыртқы саясат және басқа салалардағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы ортақ мың жылдық тарих пен рухани мұраға негізделген ынтымақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Біз бүгін Фидан мырзамен дәстүрлі достық пен өзара қолдау мен сенім рухына сай нәтижелі келіссөздер жүргіздік. Ықпалдастықтың тың бағыттарын айқындадық. Қазір өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, диалогымызды одан әрі жалғастыруға уағдаластық. Көптеген жаһандық үрдістер төңірегіндегі екі елдің ұстанымы өте жақын екенін баса айтқым келеді», – деді ол.

Айтуынша, қазақ-түрік серіктестігі Біріккен Үлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттер ұйымы, Ислам ынтымақстастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес арқылы дамып жатыр.

«Түркия Республикасы – Қазақстанның төртінші орындағы сауда әріптесі. Былтыр тауар айналымының көлемі 6,3 млрд долларға жетсе, осы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 3,6 млрд долларды құрады. Алдағы меже – осы алған екпінді жоғалтпай, тауар айналымын арттыру. Орта және шағын кәсіпкерлер құрған кәсіпорындар бойынша да елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Түркияның капиталымен елімізде 4 300-ден астам компания жемісті жұмыс атқарып жатыр. Осы уақытқа дейін Түркия Қазақстан экономикасына 4,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция құйып, ең ірі инвесторлардың ондығына кірді. 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, оған қоса 50 жаңа жоба пысықталып жатыр. Биыл бұл үрдіс жалғасып, 1 тоқсанның қорытындысы бойынша елімізге келген түрік капиталы 112 млн долларды құрады. Екі мемлекет болашақта инвестиция көлемін ұлғайтуға мүдделі», – деді Нұртілеу.

Сондай-ақ Қазақстанның қазақ жеріне келуге ынталы түрік компаниялары мен кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз