Жаңалықтар

Астана реновациясы: 2025 жылға дейін 700 гектар аумақта бұзу жұмыстары жүргізіледі

Фото: kursiv.media

Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялаудың және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы қаулысы жарияланды.

«Қоса беріліп отырған Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялаудың және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бекітілсін. Орталық атқарушы органдар, Астана қаласының әкімдігі Бағдарламаны іске асыру шараларын қабылдасын. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласының әкімдігіне жүктелсін», делінген құжатта.

Бағдарлама негізінде реновациялау жұмыстары 3 кезең бойынша жүзеге асырылады.

– 1 кезең – 2025 жылға дейін 730 га;

– 2 кезең – 2035 жылға дейін 1362 га;

– 3 кезең – 2050 жылға дейін – 490 га аумақта бұзу жүргізу көзделген.

1 кезең бойынша 2025 жылға дейін 730 га аумақта бұзу жұмыстары жүргізіледі. Реновациялауға – Алаш тас жолынан Ж.Тәшенов көшесіне дейінгі Асан қайғы көшесі, С. Сейфуллин және Кенесары көшелерінің бойы; С.Тюленин тұйық көшесінен Ш.Қосшығұлұлы көшесіне дейінгі Бейсекова көшесінің бойы, Потанин көшесі, Бөгенбай батыр даңғылы, Күмісбеков көшесі бойының аумағы; Кіші айналмалы жолды аяқтау үшін – С-613 көшеден Алаш тас жолына дейін Ақжол көшесінің бойы аумағы, Ш.Бейсекова, Ш.Қосшығұлұлы, Кенесары көшелері, Қорғалжың тас жолы, Есіл өзені және басқа аудандар кірген.

Сонымен бірге қалалық аумақты реновациялау жобасында білім беру (мектептер, балабақшалар), денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, демалыс, көгалдандырылған аумақтарға деген қажеттілік ескеріледі. Бұл нысандар соңғы 5-7 жылда салынған көпқабатты тұрғын үй кешендеріне жақын маңдардан салынады.

«Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қаланың қалыптасқан бөлігінің сәулеттік келбеті өзінің даралығын сақтаумен заманауи техгникалық жарақтандыруға, ал оның халқы – жайлылықтың заманауи деңгейіне ие болады», делінген құжатта.

Тұрғын үйді реновациялау жобаларын қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты және өзге көздер есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жеке инвестицияларды тартудан, оның ішінде МБҚ тетігі, қаржы институттарының қаражаты, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатын тарту арқылы, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар, жобаны іске асыру барысында тұрғын үй және тұрғын емес үй-жайларды сатудан түскен кірістер есебінен қаржыландырылады.

Қаулы 25 қыркүйекке дейін талқылауда болып, қол қойған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.