Karabatan Utility Solutions 7 млрд теңгелік айыппұлдың өтемін 1 млрд теңгемен қайтара ма?
Қоршаған ортаны ластағаны үшін биыл жазда 7 млрд теңге айыппұл арқалаған Karabatan Utility Solutions көміртегі бірліктерінің квотасын сатып алуға тендер жариялады. Өтінім қабылдау 29 қыркүйекте аяқталатын тендердің жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге.
Төмендету бойынша ашық тендер тәсілімен жарияланған лотта тапсырыс 708 мың тоннаға қабылданады. Әр тоннаның құны 1500 теңге деп көрсетілген.
Техникалық сипаттамада айтылғандай:
«көміртегі офсеті деп Қазақстан Республикасында экономиканың кез келген секторында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілген парниктік газдардың шығарылуын қысқарту және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайту түсініледі».
Офсеттік бірлік арқылы көміртегі бірлігі есептеледі. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы офсеттік бірліктерді көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жобаның өтініш берушісінің шотына беру арқылы оларды айналысқа енгізуді жүзеге асырады. Ұсынылған офсеттік бірліктер жарамдылық мерзімі бойынша мерзімсіз болуы тиіс.
Energy monitor қоғамдық қорының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, компаниялар ауаға тарайтын шығындыларының өтемақысы ретінде көміртегі бірліктерін сатып алады. Ондағы мақсат – ағаш отырғызу, жер қабатын қалпына келтіру, ормандарды сақтау, күн немесе жел электр станцияларын салу секілді басқа жерлерде шығарындыларды азайту арқылы көміртегі бөлінуіне үлес қосу.
Еске сала кетейік, ақпарат құралдары 2023 жылдың 29 маусымында Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Karabatan Utility Solutions ЖШС-не қоршаған ортаны ластағаны үшін 7 млрд теңге үстінде айыппұл салғанын хабарлаған болатын.
Атырау облысы экология департаментінің баспасөз қызметінің дерегінше «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-н 2022 және 2023 жылардағы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру түріндегі бақылау кезінде компанияға берілген парниктік газдар квоталарын белгіленген көлемнен асыра пайдаланғаны анықталған.