Жаңалықтар

Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыру заңды ма? Бас прокурор Конституциялық Сотқа жүгінді

Фото: shutterstock.com

Бас прокурор Конституциялық Сотқа Конституцияның 25-бабы, 1-тармағы мен 26-бабы, 3-тармағына ресми түсіндірме беруді сұрап жүгінді. Бұл баптарға сәйкес, ешкімді өз тұрғын үйі мен мүлкінен соттың шешімінсіз айыруға болмайды.

«Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі», делінген Ата Заңда.

Алайда 2019 жылы тиісті құқықтық актілерге прокурорға сот орындаушыларының атқарушылық іс-жүргізу туралы қаулыларына санкция беру міндеттерін белгілейтін өзгерістер енгізілгелі, прокурор санкциясымен мүлікті мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі жеке тұлға мен бизнестің мүлкін сот актісінсіз-ақ, өндіріп алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқық қолдану практикасында проблемалық мәселелердің туындауына әкеп соқтырған.

Сол себепті Бас прокурор Конституциялық Соттан осы мәселеде түсіндірме беруін сұраған.

Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық Заңның 65-бабына сәйкес жарияланады.