ҚМГ электронды құжат айналымы жүйесіне 332 млн теңге жұмсамақ. 4 жыл бұрын сатып алған жүйе іске жарамай қалды ма?

Жарияланды
Фото: shutterstock және freepik

«ҚазМұнайГаз» компаниясы («Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) жақында автоматтандырылған жүйені жобалау, әзірлеу, енгізу және орнату жұмысын сатып алуға ашық тендер жариялады.

Хабарламада лоттардың жалпы сомасы 332 млн теңгені құрайтыны жазылған. Өтінімдерді қабылдау 12 қыркүйек күні сағат 10:00-де басталып, 25 қыркүйекте аяқталады.

Осы орайда бизнес-процестерді автоматтандыру шешімдерін әзірлейтін Documentolog компаниясының басшысы Байжан Қанафин Facebook желісіндегі жазбасында тендерге қатысты көптеген сұрақ туындап отырғанын жазады. Біріншіден, ол ҚМГ-ның стандартты электрондық құжат айналымы жүйесі қажетті функцияларды орындай алмай отырғанына таң қалды.

Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» компаниясы электронды құжат айналымы жүйесін (1,5 млрд теңгеге ресейлік «Directum» шешімі, сонымен қатар 6 млрд теңгеге Microsoft лицензиясы) осыдан төрт жыл бұрын сатып алған.

«Қырғын ақшаға сатып алынған жүйе жұмыс істемей тұрса, онда сол кезде сатып алғандардан сұрауы болуы керек. Әлде ҚМГ-ның қазіргі басшылығына тендер жайын қазбалап, материалды құзырлы органдарға жіберудің орнына, жаңа жүйе сатып ала салған оңай ма?»– деп атап өтті Байжанов.

Сондай-ақ Байжанов мемлекеттік компанияның ақпараттық жүйесі неліктен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізілімінен сатып алынбайтынын сұрады.

Кейінірек ол ҚМГ ақпараттық технологиялар департаментінің директоры қоңырау шалып, жазбаны алып тастауды сұрағанын хабарлады.

Бұл жазбаның астына ҚМГ ақпараттық технологиялар департаментінің басшысы Бауыржан Қасенов те өз пікірін қалдырған. Оның айтуынша, жазбаны алып тастауды өтінбеген.

«Қазіргі электронды құжат айналымы жүйесінде біз талап етіп отырған функционал жоқ, тіпті ол оған арналмаған. Функционал нақты шарт және техникалық сипаттамалармен реттеледі. Біз жыл басында әртүрлі жүйелерді қарастырып, оның ішінде Documentolog та бар, нақты біздің талаптарға сәйкес келетін 100% дайын өнім жоқ деген шешімге келдік», – деді ол.

Сонымен қатар Қасенов ҚМГ қазіргі кезде қолданып отырған жүйенің құны жоғарыда аталған сомадан әлдеқайда арзан болғанын айтып өткенімен, нақты қаншаға сатып алынғанын жазбады.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы қаңтар-маусым айларында 492 млрд теңге (1,1 млрд доллар) таза пайда тапты. Алайда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл 36,6 пайызға аз. Былтыр осы уақытта компания 775 млрд теңге немесе 1,7 млрд доллар таза пайда тапқан еді. Есесіне компанияның қарызы өскен. Таза қарызы жыл басынан бері 7,6 пайыз өсіп, 5 млрд долларға жеткен.

«ҚазМұнайГаз» басқарма мүшелеріне 2022 жылға 344,6 млн теңге сыйақы төледі, бұл 2021 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 51,2% артық.

2022 жылдың соңындағы «ҚазМұнайГаздың» IPO-сы кезінде компанияның 3% акциясы сатылды. ҚМГ акцияларының 87,42%-ы «Самұрық-Қазынаға», 9,58%-ы Ұлттық Банкке, 3%-ы миноритарлық акционерлерге тиесілі.  Жақында «Самұрық-Қазына» қайталама орналастыру (SPO) өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Ал Ұлттық банк SPO өтсе, өз акцияларын сату мүмкіндігін жоққа шығармады.

Сондай-ақ оқыңыз