Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы кедейлік деңгейіне қатысты тың мәліметтерлі жариялады.
2023 жылғы II тоқсанында жүргізілген зерттеулерге сәйкес, кедейлік деңгейі ең жоғары өңір ретінде Түркістан (9,7%) облысы, ал ең аз – Астана қаласында (2,5%) тіркелді.
Бюро республикадағы кедейлік деңгейін үй шаруашылықтарын іріктеп тексеру әдісі арқылы саралады. Бұл жердегі үй шаруашылығы – бірлесіп тұратын, өзінің табысы мен мүлкін толық немесе ішінара біріктіретін және тауарлар мен қызметтерді бірлесіп тұтынатын бір немесе одан да көп жеке тұлғалардан тұратын экономикалық субъект ретінде қарастырғанын ескергеніміз жөн.
Сонымен, қорытындыға сәйкес, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2023 жылғы II тоқсанда 5,1% болды.
Негізінен алғанда, Кедейлік қаупіне үй шаруашылығының мөлшері қатты әсер етеді. Осылайша, 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтары арасындағы кедейлік деңгейі 2023 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша 9,2%-ға тең шықты, бұл жалпы кедейлік деңгейінен 2 есе дерлік жоғары екені айтылды.
Қалалық және ауылдық жерлерде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың «арасы ашылып кетті». Мәселен, уылдық жерлердегі көрсеткіштің мәні қалалық жерлердегі көрсеткіштің мәнінен (3,9%) 3,3 п.т. асып түсіп 7,2% құрап отыр.
Қазақстандықтардың төмен тұрмысына қатысты таным қалыптастыруда күнкөріс деңгейіне назар салуға тура келеді. Күнкөріс деңгейі – азық-түлік себетінің құнынан және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындардан тұратын ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай табыс.
ҚР бойынша 2023 жылдың II тоқсанында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі айына орташа есеппен 47884 теңгеге пара-пар.