Жаңалықтар

Қазақстанда тергеу мен соттан жасырынғаны үшін 2 мыңнан аса адамға іздеу салынған

Фото: kursiv.media

Қазақстанда 2 372 адам тергеу мен соттан жасырынып жүр. Жалпы 10 700 адам іздестіріліп жатса, соның ішінде 2 176 кісі хабар-ошарсыз жоғалған. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті осындай деректерді жариялады.

Жоғалған адамдардың басым бөлігі: Алматы қаласы, Қарағанды, Павлодар, және Алматы облысының тұрғындары. Көбіне 30 -дан 49 жас аралығындағы ер адамдар әртүрлі жағдайда жоғалады (77%).

Соның ішінде 1935 адам үйден шығып оралмаса, 74 кісі автокөлігімен бірге жоғалған. Жұмыстан үйге оралмағандардың қатары -36.

Ал сот пен тергеуден жасырынып жүрген негізінен ер-азаматтар. Олардың көпшілігі алаяқтық пен ұрлық жасап, кісі өлтіріп қашып жүр.

Соның ішінде:

  • Алматы қаласында (514)
  • Астана қаласында (185)
  • Шымкент қаласында (155)
  • Алматы (143)
  • Қарағанды (140) облыстарында іздестіріліп жатыр.

Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасаған 300-ге тарта адам іздеуде жүргенін хабарлаған. Құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде соңғы 3 жылда іздеудегі тұлғалардың саны 5 мыңнан 2,5 мыңға дейін, екі есе төмендеген.