Қазақстан әлемдегі ең жемқор елдер тізіміне кірмейді – Антикор

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚазақстанUS News жариялаған 2023 жылғы рейтиңгпен келіспейді, Онда Қазақстан 87 мемлекеттің арасында 75-інші орында тұр.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі, Арман Әлібек бұл рейтинг мемлекеттердің сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмегенін айтады.

«Бірнеше күннен бері мен қызық жағдайларды байқадым. Қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік парақшалар «Қазақстан әлемдегі ең жемқор елдердің қатарында» деп бұрқыратып жазып жатыр. Мен әріптестеріммен осы ақпарат құралдарының қандай рейтингке сүйене отырып жазғанын зерттей келе, кейбір маңызды жайттарға түсініктеме бергім келді. Мәселен, сауалнаманы америкалық US News ақпараттық журналы жүргізген. Біріншіден: Бұл сауалнама сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі бойынша ресми рейтинг ретінде ұсынылмайды. Неліктен әріптестерім бұл рейтинг аталған елдердегі сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтайды деген қорытындыға келгенін білмеймін. Ол мемлекеттердің сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмеген және мұндай мақсатты көздемейді», дейді агенттік өкілі.

Агенттік өкілінің айтуынша, бағаланған елдердің тізіміне тек 87 мемлекет кірген, ал Біріккен Ұлттар Ұйымына 190-нан астам елдер мүше. Сонда қалған елдердің бұл тізімге не себепті енгізілмегені түсініксіздеу.

«Тағы бір маңызды факт. Бағалауға небәрі 36 елдің резиденттері қатысты. Олар 87 елге баға берген. Яғни, респонденттердің арасында 51 елдің азаматы жоқ. Бұл сауалнамаға қатысқандар Қазақстанға мүлдем келмеген болуы мүмкін. Ал бағалау тек үшінші тұлғалардың сөздерінен немесе ашық дереккөздерден, оның ішінде «Борат» фильмінен алынған ақпарат бойынша ғана берілді. Сондай-ақ рейтингтің мәні – елдердің сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау емес, туристік мақсатта әлеуетті бару немесе тұру мүмкіндігін бағалау», дейді Арман Әлібек.

Ол сыбайлас жемқорлықты қабылдауды бағалаудың жаһандық институттары бар екенін атап өткен. Олар – Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі, Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау индексі, сыбайлас жемқорлықтың жоқтығы туралы заң үстемдігі индексі (World Justice Project).

Агенттік өкілі Қазақстанның соңғы бірнеше жылда ЭЫДҰ мен Еуропа Кеңесінің ГРЕКО халықаралық стандарттары мен алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп ауқымды жұмыстар атқарғанын айтады. Олар келесідей:

  • жалпыға бірдей декларация қарастырылған;
  • қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлыққа жол бергені және профилактикалық жұмыстың әлсіздігі үшін мемлекеттік органдардың басшыларының қызметінен кетуі мен жеке жауапкершілігінің нормалары енгізіліп, мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге толық тыйым салынды;
  • жақын туыстарының бірге жұмыс істеуіне шектеулер бар;
  • мемлекеттік қызметшілерге, депутаттар мен судьяларға шетелдік есепшоттар ашуға тыйым салынды;
  • сыбайлас жемқорлық үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату алынып тасталды;
  • сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар енді квазимемлекеттік секторда жұмыс істей алмайды;
  • сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлағаны үшін азаматтарға төленетін төлемдер ұлғайтылды;
  • еңбек құқықтары тұрғысынан сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау шараларының жүйесі жетілдірілді;
  • Президент жаңа стратегиялық құжатты – алдағы 5 жылға арналған нақты іс-шаралар жоспары бар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын қабылдады;
  • лауазымды тұлғалардың негізсіз баюына жауапкершілік тетігі қарастырылған.

Еске сала кетсек, Қазақстан «US News 2023» рейтиңінде 87 мемлекеттің арасында 75-інші орында тұр. Ең соңғы орында Ресей. ТМД елдерінің арасында жемқорлық жайлаған елдер ретінде Қазақстаның көрсеткіші Ресей(87) мен Беларусьтан (80) ғана тәуір. Ал, Өзбекстан – 68, Әзірбайжан -62, Украина 48-інші орындарға жайғасыпты.

Сондай-ақ оқыңыз