Шахматтан өткен әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы күміс иеленді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Туризм және Cпорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі.

«Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Польшаның Быдгощ қаласында өткен ІХ командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық ойыншылар Грузияға жол берді. Алғашқы раундта грузиялықтар 2-1 есебімен алға шыққан. Кейін 2-айналымды да өз пайдасына аяқтады», делінген баспасөз хабарламасында.

Команда сапында Бибісара Асаубаева, Әмина Қайырбекова, Меруерт Камалиденова мен Алуа Нұрманова өнер көрсеткен.

Бұл – Павел Коцур баптайтын Ұлттық құрама осыған дейін Грузиямен тең түсіп (2-2), қалған қарсыластың бәрін ұтқан.

Осылайша Қазақстан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында жүлде алған 6 мемлекеттің біріне айналған. Қазақстан бұған дейін ширек финалға ғана шығып жүрген. Грузия болса, осымен 2-рет әлемдік доданың алтынына қол жеткізіп, бұл көрсеткіште Ресеймен теңесті.

Ал қола медаль үшін АҚШ пен Франция құрамасы таласып жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы бас серіктес – Freedom Broker компаниясына – спортшыларға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.

Біздің шахматшылар Әлем чемпионатының ширек финалына өтіп, Украина, Үндістан, Франция және Египетті басып озып, А тобында бірінші орынды иеленді. Ширек финалда біздің команда Германияны, ал жартылай финалда Францияны жеңді. Финалда олар Грузия құрамасына қарсы лайықты күрес жүргізген.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстанның шахматшы қыздарының әйелдер арасындағы әлем чемпионатында финалған шыққанын жазған болатынбыз. Қуанышты хабарды Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті және Азия шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов хабарлады.

2023 жылдың қаңтарында Freedom Holding басшысы Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясының президенті болған еді.

ҚШФ негізгі мақсаттарының бірі – ұлттық құраманың, сондай-ақ Қазақстан шахматшыларын әлемнің топ-10-ға кіруі. 2027 жылға қарай бастауыш сынып оқушыларының 20%-ын шахматқа баулу, білім беру ұйымдарында кемінде 200 жаңа шахмат клубын ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыз