Тоқаев бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратындарды сынға алды
Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесу кезінде кәсіпті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратындарды сынға алды. Бұл туралы Ақорда ресми сайты хабарлады.
«Сонымен қатар келесі жайтқа айрықша назар аудару керек.
Кейде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларының экономикалық қайтарымы жұмсалған бюджет қаржысының көлеміне сай келмейді.
2015-2021 жылдары бизнесті мемлекеттік қолдау көлемі (7 трлн теңге) қолдауға ие болған компаниялардан түскен салық түсімдерінің сомасынан 1,5 есе асып түсті (4,5 трлн теңге). Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Бизнесті ынталандыру тәсілдерін өзгертуге бағытталған бұған дейінгі әрекеттер сәтсіз болды.
Осыған байланысты Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырамын»-деді Мемлекет басшысы.