Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев салықтар бойынша жоспардың орындалмағанын айтты.
Министр мемлекеттік бюджетке 12,5 трлн теңгеден аса кірістер түсіп, жоспар 97,2%-ға орындалғанын, ал республикалық бюджетке 8,3 трлн теңге түсіп, жоспар 89,1%-ға орындалғанын атап өтті.
Салықтар бойынша жоспардың ойдағыдай орындалмау себебін министр былай түсіндірді:
«Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық импортқа салынатын қосылған құн салығы есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 306 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 26%-ке азаюымен байланысты. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ке төмендеуімен байланысты болды», деді министр.
Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15%-ке төмендеуі әсер еткен. Ал импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауына тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 10%-ке азаюы әсер еткен.
Ал жергілікті бюджеттердің кірістері керісінше асыра орындалған.
«Жергілікті бюджеттердің кірістері 118,5%-ға атқарылып, 4,2 трлн теңгені құраған. Жоспар 659 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 610 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды», деді министр.