Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәжіліс отырысынан кейін журналистермен кездесіп, қоғамда көп талқыланып жүрген мәселелерге қатысты пікір білдірді. Журналистер оған дін мен тіл мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
«Әріптесіңіз Ринат Зайытов, «Біз Кеңес Одағының құрамында емеспіз, орыс тілінің керегі жоқ, орыс тілі әдебиеті сағатын қысқарту керек», деген бастама көтерді. Сіз қалай ойлайсыз Қазақстанға орыс тілі керек пе? Мектептерде орыс тілі сағатын қысқарту қажет пе?» деп сұрады журналист.
Мәжіліс төрағасы журналистің бұл сауалына:
«Әр депутаттың өз пікірі бар. Әркімнің өз пікірін айтуға біз тыйым сала алмаймыз. Ол бұл мәселені тура осылай қойып отыр деп ойламаймын. Меніңше, мұнда мәселені былай қойған жөн. «Орыс тіліне тыйым салу керек пе, әлде өзіміздің мемлекеттік тілді дамытуымыз керек пе?» Оған қатысты мен бұрын да өз пікірімді айтқам. Қазір де айтарым, неғұрлым көп тіл білген сайын, біздің балаларымыз, біздің ұрпақтарымыз соғұрлым бір деңгейге биік тұратын болады. Солай ма? Орыс тілі де керек, ағылшын тілі де керек. Әрине, бірінші кезекте басымдық мемлекеттік тілге берілуі керек. Мектепті бітірген біздің балаларымыз мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс деп жатырмыз. Бірақ оған басқа тілді оқыту кедергі болып тұрған жоқ. Біз басқа тілдерді төмендету арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін шешпеуіміз керек. Мемлекеттік тілге басымдық бере отырып, барлық тілді де дамытқан жөн», деп жауап берді.
Сонымен бірге мәжіліс төрағасы дін мәселесіне де тоқталды.
«Домбыра – харам» деген әңгіме шықты. Мұны айтып жүрген азаматтарға айтарым: біздің ғасырлар бойы қолына домбыра ұстап жүрген бабаларымыз сонда күнәҺар болғаны ма? Бұл жерде біз теріс діни ағымда жүрген, конституциямызға қайшы әрекеттерге, әрине заң жүзінде тыйым салуымыз керек», дейді Қошанов.