Еліміздегі сарқылған кен орындарының көлемі 80%-ға жетті
Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов еліміздегі сарқылған кен орындары көбейгенін, қазір олар шамамен 80 пайызға жеткенін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтың айтуынша, алдағы бес жылда елімізде мұнай өндіру деңгейі артады.
«Олардың көбі 1960 жылдан бері ашылған кен орындары. Тәуелсіздік жылдарында 1 млрд 900 млн тонна мұнай өндірілді. Сондықтан сарқылған кен орындарының жұмысын жандандыру үшін жаңадан ынталандыру тетігін енгізу қажет. Бұл ретте аталған заң жобасында тиісті қадамдар ескерілген. Құжат геологиялық барлау жұмыстарына бағытталған. Минералдардың ресурстық базасын кеңейту аясында жыл сайын шамамен 200 млрд теңге инвестиция бағыттауды қарастырып отырмыз», – деді вице-министр.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бүгін палата отырысында бірінші оқылымда мақұлданған жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістертер енгізу заң жобасына қатысты түсінік берді.
«Осы құжатта қамтылған толықтырулардың басты мақсаты – еліміздегі минералды ресурстардың базасын көбейту. Бұл тұрғыда инвестиция тартуға екпін қойылып отыр. Екіншіден, жер қойнауын барлау кезінде болуы мүмкін бюрократиялық тосқауылдарды жоюға назар аударылды. Барлық сараптамалардың мерзімі 8-12 айға дейін қысқартылды. Бұрын бұл рәсімдер үш жылға дейін созылатын. Жалпы, еліміздің геологиялық қорды көбетуге мүмкіндік жасалады», – деді Д. Тұрғанов.