Фото: kursiv.media
First Heartland Jusan Bank Қазақстан қор биржасында «Қазақтелеком» АҚ-ның 983 мың жай акциясын сатып алды. Бұл – байланыс операторының орналастырылған жай акцияларының 9%-ы, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Акциялар ашық сауда алаңында сатып алынған. Олардың бағасы сатып алу кезінде KASE-де белгіленген нарықтық бағаға тең. Баспасөз қызметі «банк бизнесте жоғары цифрлық құрамдас бөлігі бар қаржы институтын құруға бағытталған стратегиясының бір бөлігі ретінде бұған дейін болған «Кселл» АҚ- үлесіне қосымша ретінде «Қазақтелеком» АҚ акцияларын сатып алды» деп атап өтті.
«Қазақтелеком» АҚ – ауқымды клиенттік базасы және қызмет көрсетудің жоғары деңгейі бар ұлттық байланыс операторы, сондықтан Банк бұл инвестицияны бөлшек бизнесті дамыту стратегиясын одан әрі жүзеге асырудағы қисынды қадам ретінде қарастырады», -делінген хабарламада.
Банк бұған дейін «Кселл» АҚ-мен қызмет көрсету ретінде banking as a service (OGO Bank, Kcell/Activ қосымшасында онлайн несие рәсімдеу) саласындағы бірлескен жоба жүзеге асырғанын атап өтті. Сонымен қатар Jusan тобы құрамына «Jusan Mobile» АҚ байланыс операторы және Tele2/ALTEL желісі негізіндегі Jusan Mobile виртуалды ұялы байланыс операторы кіреді.
«Банк қолданыстағы стратегияға сәйкес телекоммуникация секторындағы, оның ішінде өзі акционер болып саналатын компаниялармен синергияны пайдалану мүмкіндіктерін іздеуді жалғастырады», делінген хабарламада.
Бұған дейін QAMS сарапшылары KASE-дегі «Қазақтелеком» акцияларының күндізгі сауда-саттық көлемі 32,8 млрд теңгеге (70 млн доллардан астам) жетіп жығылғанына назар аударған болатын.
KASE cайтында мұндай бір күндік «берекелі» сауда көлемінің тұтас бір жылғы көрсеткіш – $81,2 млн-нан сәл ғана аз екені жазылған. QAMS мәліметтері бойынша, дүйсенбіде 980 мыңнан астам акция (орналастырылған акциялар санының 9,15%) бір шоттан екіншісіне өткен. 11 қыркүйектегі мәміле Астана уақытымен 16:27-де бір акцияға 33 370 теңге бағамен үш транш ретінде жасалған.
Осыған дейін Jusan Bank акцияларының 20%-ын иеленіп келген Ғалымжан Есенов енді қаржы құрылымына толықтай иелік етпек. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, банк акцияларының қалған 80%-ы да енді Есеновтың иелігіне өтті. Сатушы осы уақытқа дейін Назарбаев қорымен байланыстырылып келген британдық Jusan Technologies компаниясы.
Тамыз айының басында Jusan Bank акционері Ғалымжан Есенов Kcell ұялы байланыс операторындағы дауыс беретін акцияларының 10%-дан астамын иленді. 1 шілдедегі акционерлер тізілімінің деректеріне қарасақ, Kcell ұялы байланыс операторына «Қазақтелеком» (51%), «First Heartland Jusan Bank» (9,08%) және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (7,06%) иелік етеді.
Ал «Қазақтелеком» АҚ – Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компания. Компанияның бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына (акцияның 51%) тиесілі. 28,2% үлесі ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің балансында. Бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлының иелігінде болған. «Қазақтелекомның» американдық депозитарлық қолхаттарының үлесі – 9,6%, корпоративтік даму қорының үлесі – 3,4%. Бағалы қағаздардың қалған 7,8%-ы басқа миноритарлық акционерлерге тиесілі.
Компанияның 2023 жылғы қаңтар-маусымдағы таза табысы 58 млрд теңге (2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 16%-ға артық), активтері – 1,32 трлн теңге, міндеттемелері – 535,9 млрд теңгені, меншікті капиталы – 791,4 млрд теңге болды. Кіріс жылына 10%-ға артып, 330 млрд теңгеден асты (2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 301 млрд теңге). Ұялы байланыс сегментіндегі кірістердің өсуіне байланысты көрсеткіштің жақсарғаны айтылады.